Бүгін Түркістан облысының жастары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн! Себебі заманауи үлгідегі көп фунционалды «Жастар ресурстық орталығының» жаңа ғимараты ашылды. Бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алатын орталықтың ашылу салтанатына орай бүгін «Жаңарған Түркістан — жаңа мүмкіндіктер алаңы» атты өңірлік жастар форумы ұйымдастырылуда. Форумға ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, Түркістан облысының əкімі Жансейіт Түймебаев, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, облыстық маслихат хатшысы, депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысуда. Барлық аудан қала əкімдері мен басқарма басшылары, республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері жəне 200-ден астам белсенді жасты бүгін галстуксыз шарадан көріп отырмыз. Жастармен жас болып пікір алмаспақ. Жиын Қазақстан Республикасының əнұранымен бастау алып, өнертапқыш жастардың атқарып жатқан істерін баяндауына жалғасты. Бойында елді дамытсам деген рухты күші тасыған белсенділер облыс əкіміне өз ұсыныстарын айтты. Жастар жылында жастарды қолдауды басты назарда ұстаған өңір басшысы ризашылығын білдірді.Сонымен қатар, бұл орталық аптаның жеті күнінде 24 сағат жұмыс жасайтын болады. Тəуліктің кез келген мезетінде жастар орталыққа келіп, мамандармен кеңесіп, иедеяларын жүзеге асырады.