Аудан тұрғындарына қолжетімді медициналық көмекті оңтайландыру мақсатында аудандық аурухана ғимаратында заманауи қабылдау бөлімі іске қосылды. Қабылдау бөлімі триаж жүйесі арқылы іске асып отыр. Жүйе науқастарға қызмет көрсету уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қабылдау бөлімінде заманауи тіркеу орны, сары, жасыл, кызыл зоналары жасалынды. Сонымен қатар кіші операциялық, әйелдер бөлімі, балалар көру, жұқпалы аурулар, санитарлық өткізу бөлмелері және күту залымен қамтылған. Науқастарға жедел көмек көрсету үшін УЗИ мен ЭФГС бөлмелері кабылдау бөлімінің ішінен ұйымдастырылып, зертхана жақындастырылды.
Сондай-ақ, жаңа қабылдау бөлмесінде науқас дәрігерді заманауи SOS қондырғысы арқылы шақыра алады. Науқастардың ауру тарихтары толық электронды түрде жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, 2018 жылы аудан аумағында елді мекендер тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жалпы құны 150 млн. теңгеге Жаңаталап, Сарытөр медициналық тіректері күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілсе, Шарафкент, Көкбұлақ, Еңбекші ауылдарындағы медициналық тіректеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандар 2019 жылдың сәуір айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.