Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Атқарылған жұмыстар туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев баяндады.
Премьер-Министр Б. Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Елбасының ерекше бақылауына алынғанын атап өтті. Бағдарламаны іске асыру аясында қосылған құнды өсіруді, сондай-ақ экономикадағы шығындарды қысқартуды көздейтін елеулі экономикалық әсер күтілуде.
Бағдарлама іске асырылған былтырғы жылы біраз бағыт бойынша оң динамика бар. Заңнамалық база жетілдіріліп, өндірісті, бизнесті және мемлекеттік басқаруды енгізудің оңтайланған тәсілдері әзірленді. Сонымен бірге Үкіметтің цифрлық күн тәртібін іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында орталық және жергілікті органдардың цифрландырудың әсерін бағалау мен мониторингтеудің бірыңғай әдіснамасын әзірлеу қажеттілігі туралы айтылды.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне экономиканың жекелеген салаларындағы цифрландырудың әлеуетін белгілеп, сосын шығындардың іс жүзінде қысқаруын ескере отырып, цифрландыру жобаларының тиімділігін есептеудің бірыңғай әдіснамасын жасау, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен және АТ-қауымдастықпен цифрлық технологияларды қолдану мәселелері бойынша заң жобасын пысықтауды жетелдету тапсырылды.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректері бойынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізгі бес бағыттан, 17 бастамадан және 120 іс-шарадан тұрады. 2018 жылы 20 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Сол жоспарға сай жұмыстар толық орындалды.
«Экономика салаларын цифрландыру» — бірінші бағыты бойынша келесі маңызды нәтижелерге қол жеткізілді — отын-энергетика және тау-кен металлургия кешендерінде Индустрия 4.0 элементтерін қолдану арқылы:
-
еңбек өнімділігі орташа есеппен 10%-ға артты;
-
жекелеген өндірістерде электр қуаты 33%-ға дейін үнемделді;
-
жабдықтарды пайдалану коэффиценті 50%-ға ұлғайды.
Пайдалы қазбалары бар жеті ірі кен орындарына «Зияткерлік кен орны» және «Цифрлық кеніш» жобалары енгізілді. 2019 жылы осындай жүйе бойынша жұмыс жасайтын нысандар санын 12 бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.
Тау-кен өнеркәсібінде 102 кәсіпорын «айқын» өндіріс деңгейіне ауыстырылды. Көлікті және логистиканы цифрландыру аясында «Зияткерлік көлік жүйесі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, жол активтерін басқару жүйесі іске қосылды. Оның аясында 16 жылжымалы жол зертханасы өз жұмысын бастады.
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында еліміздің 14 пилоттық шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік элементтері енгізілген. Осылайша фермерлердің шығындары орташа есеппен 15-20%-ға азайып, астық өнімі 2,5 есеге артты. 2019 жылы «смарт фермаларды» 500 шаруашылыққа дейін жеткізу жоспарланған.
Бағдарламаның тағы бір негізгі бағыты — онлайн сауда жүйесін дамыту. Электронды сауда субъектілеріне қатысты заңнамалық деңгейде салық жеңілдіктері қарастырылған. Бұл жеңілдіктерді е-коммерцияның 331 жаңа субъектісі пайдаланып үлгерді. Қазақстанда ақшасыз, ұялы телефон арқылы қолма-қол есептесу әлемдік трендтерінің бірі дамуда. Мәселен 2018 жылдың қараша айының соңында еліміздегі алты ірі банк пилоттық режимде осы сервиске қосылды.
«Цифрлық мемлекетке көшу» бағыты аясында бүгінгі таңда білім беру саласының барлық деңгейі цифрландырумен қамтылған. Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың 64%-ы электрондық түрде өтініштер қабылдайды. Ал мектептердің 94%-ында оқушылар электрондық күнделіктер мен журналдарды пайдаланады. Жалпы, бұл бағытты цифрландыру ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты 30% төмендетуге мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде электронды құжат беруге медициналық ұйымдардың 99,2% ауысты. Қазақстанның 16,3 млн тұрғынында өңірлік электрондық денсаулық паспорты бар. Дәрігердің қабылдауына бару, сағаттап кезек күту екі есе азайды. Ал анализдердің қорытындысын алу уақыты 2,5 есеге дейін төмендеді. 2019 жылы электрондық денсаулық сақтау паспорттарымен қамтамасыз етуді 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында электрондық еңбек биржасы өз тиімділігін дәлелдеді. 2018 жылы 533 мыңнан аса жұмыс іздеуші жұмысқа орналасты, оның ішінде 409 мың азамат тұрақты жұмыс орынын тапты.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 752 кмемлекеттік қызметтің 506 түрі автоматтандырылды. Яғни қызмет көрсету уақытын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл орта есеппен алғанда 12 күннен 7 күнге дейінгі мерзім. Сонымен қатар, қағаз айналымы 60 млн анықтамаға дейін қысқарған. 2018 жылы ел тұрғындарына 30 млн қызмет электронды форматта көрсетілді. Астана мен Алматы қалаларында 3 көші-қон, 8 мамандандырылған, 16 цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, биометрикалық деректер жинау жүйесі іске қосылды. Биыл мемлекеттік қызметтердің 80%-ын электрондық форматқа көшіру, сондай-ақ, 1 цифрлық және 5 көші-қон ХҚКО ашу жоспарланған.
Мемлекеттік бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінген. 2018 жылы кедендік рəсімдерді онлайн орталықтан бақылауға, баж төлемін есепке алуды жүргізуге мүмкіндік беретін «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Кедендік декларацияларды шығару үшін бұған дейін бірнеше күн және бірнеше сағат қажет еді, ал қазір 1 минутқа дейін қысқартылды. Бүгінде жүйеде 859 мың электрондық декларация тіркелген, оның 85%-ы 1 минут ішінде «жасыл дәліз» арқылы рәсімделген. «Электрондық шот-фактуралар», «тауарларды таңбалау» жүйелері іске асырылды, бұл «көлеңкелі» экономиканы азайтуға мүмкіндік береді.
«Жалпы, 2018 жылы іске асырылған цифрлық шаралар қазірдің өзінде елімізге 218 млрд теңгеден астам экономикалық пайда әкелді. Цифрландыру есебінен құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 43 мыңнан асады. Биыл жұмыс тәртібі толық орнықты, мемлекеттік органдардың жауапкершілік аумағы іріктелді, ұлттық және жеке компаниялар алдағы мақсаттарын айқындап алды. Сондықтан да жаңа технологияларды енгізуден түсетін экономикалық әсер алдағы уақытта қазіргі нәтижелерден де жоғары болады деп нық сеніммен айтуға болады», — деп мәлімдеді Д. Абаев.