Үндістанның Пуна қаласында өткен кикбокстан Азия чемпионатында облысымыздың спортшылары 4 алтын жүлдеге ие болып, елімізге жеңіспен оралды. Халықаралық турнирге өңірімізден 6 үміткер қатысқан болса, соның төртеуі жарыс жеңімпазы атанды. Ал, қалған екі спортшымыз бір күміс пен бір қоланы қанағат тұтты. Облыстық №2 олимпиада резервіне маманданған балалар мен жасөспірімдер мектебінде дайындалып, жарысқа аттанған 3 бірдей кикбоксшы да бапкерлер үмітін ақтады. Қоржынымызға түскен 4 алтынның үшеуі аталған мектеп шәкірттерінің еншісінде. Еліміздің абыройын асқақтатқан жерлестерімізді спорт мектебінің басшысы Ерік Байжанов арнайы қабылдап, салтанатты түрде марапаттады. Бас жаттықтырушы спортшыларға өз алғысын білдіріп, алда өтетін әлем чемпионатына дайындық барысын пысықтады. Айта кетсек, тамыздың үші мен сегізі аралығында Үндістанның Пуна қаласында өткен Кикбокстан Азия чемпионатында 37 мемлекеттің спортшылары қатысқан болатын. Байрақты бәсекеде 22 жүлделі орын сарапқа салынған болса, Қазақстан құрамасы 18 алтын медальді иеленіп, жалпы командалық есепте 1 орынға жайғасты.
ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК – ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА
Қала әкімі Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен жүздесті. Көшпелі кездесуде халық өздерін алаңдатқан мәселелерді тікелей әкімге жеткізді. Атап айтқанда, баспана, жер және...









