Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары Риода өтетін ХХХІ Жазғы олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін 17-лицензияны ұтып алды.
Атап айтқанда, жерлесіміз Жайна Шекербекова Астанада әйелдер боксынан өткен Әлем чемпионатында жартылай финалға шықты.
Ширек финалда 51 келі салмақта өнер көрсеткен Жайна германиялық Азизе Ниманимен тартысқа түскен болатын. Ауыр жекпе-жектің қорытындысы бойынша 3:0 есебімен біздің бойжеткен жеңіске жетті.
Шекербекова Жайна Құрманғалиқызы — ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы. Сонымен қатар, жерлесіміз бірнеше xалықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып, жүлдесіне ие болған. Ол 2010 жылы Азия чемпионы, 2014 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері, күштілер турнирінің жеңімпазы атанған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі