«Ырыс» микроқаржы ұйымы облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа «Ырыс-Өркендеу» бағдарламасын іске қосты. Яғни ендігі жерде қаржы ұйымы фермерлерге аванстық төлемсіз қаржылық лизинг түрінде қолдау көрсетеді. Аталмыш бағдарламаның артықшылығы ауыл шаруашылығына арналған қосалқы техникаларды 9 пайызбен 84 айға, яғни 7 жылға 10 млн тенгеге дейін кепіл мүліксіз лизинге алуға мүмкіндік береді. Міне осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлер шаруашылық мақсаттағы ауыл шаруашылық техникаларына қажетті жабдықтарды сатып ала алады. Ал лизинге – Түркістан облысында кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлер және Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері қол жеткізе алады. Айта кету керек аталмыш «Ырыс» микроқаржы ұйымының негізгі міндеті жұмыссыз азаматтардың өз кәсібін ашуға септігін тигізіп, ауыл шаруашылық саласын қаржылай қолдау болып табылады. Яғни төмен пайызбен несие беру арқылы жұмыс жасайтын ұйым ағымдағы жылдың 7 айында жобалық құны 3,5 млрд тенгеге жуықтайтын 1088 жобаны қаржыландырып үлгерген.
Абай ОМАР