ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, сондай-ақ Сыртқы істер және Инвестициялар және даму министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократия тәртіптерін және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау мақсатында «Protecting Business and Investments» жобасын жүзеге асыруда.
Бүгінгі таңда бизнесті қорғау, қолайлы инвестициалық жағдай жасау және кәсіпкерлер үшін сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымдарды төмендету Агенттіктің және оның аумақтық департаменттерінің басымды бағыттарының бірі болып табылуда.
Аталмыш Жобаға қатысуға ниет білдірген кәсіпорындар қатарында Шымкент қаласында орналасқан «Джон Бан МеталлПром» ЖШС.
Кәсіпорынмен Инвестициялық жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы келісімге салтанатты түрде 29 тамызда Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғ.Тұрсынбаев және серіктестіктің құрылтайшысы — директоры Чжоу Гунцзо қол қойды.
Аталған іс-шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары К.Акенов және «Kazakh invest» филиалының басшысы Д.Мамыров қатысты.
Департамент басшысы Ғалым Сұлтанұлы өз сөзінде облыстың бірқатар кәсіпкерлеріне Жобаны таныстырып, Департамент өз құзыреті шегінде үнемі отандық және шетелдік кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кепілдік беретінін, сондай-ақ, Жобаға қатысушылармен байланыс орнатуда әрдайым ашық екенін жеткізді.
Сөз соңында, өңірдегі барлық инвесторларды Келісім аясында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Өз кезегінде, «Джон Бан МеталлПром» ЖШС-нің директоры бизнесті қорғау, оларға қолайлы инвестициялық жағдай жасау және кәсіпкерлер үшін сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымдарды төмендету бойынша жасалып жатқан ауқымды жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы келісімге кез келген инвесторлардың қол қою мүмкіндіктері бар екендігі жиналған кәсіпкерлер мен инвесторлар назарына жеткізілді.
Естеріңізге салсақ, Түркістан облысында алғашқы болып аталған жоба аясында «Golden Camel Group LTD» серіктестігі Келісімге қол қойған болатын.