Еліміздің үшінші мегаполис қаласында дәстүрлі педагогикалық тамыз конференциясы өтті. Конференцияда қала әкімі мұғалімдерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласын жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныс жасады.
Конференция барысында мұғалімдерді тұрғын үймен қамту мәселесі назардан тыс қалмады.
— Біз «Тұрғын үй жинақ банкінің» жетекшілерімен кездесіп, бұл жөнінде талқылаған болатынбыз. Менің ойымша, бастапқы жарнаны төлеу үшін тұрғын үй сертификатын қарастыра аламыз. Қайрат Ырзақұлұлы, бұл мүмкіндікті қарастырыңыздар, — деді қала әкімі өзінің бірінші орынбасарына.
Жиында кәсіби білім беретін қаладағы колледждер үшін шетелдік сарапшылар бағдарламалық тәжірибесін ұсынды. Жаңа оқу жылында қала колледждердің бірінде техникалық білім беруді дамыту үшін неміс компаниясы ауқымды оқу жоспарын түзіп қойыпты.
Шымкент қаласындағы барлық балабақша ғимараттары қатаң тексеруден өтеді
Педагог мамандардың дәстүрлі тамыз кеңесінде Ғабидолла Әбдірахымов қала аумағындағы балабақшалардың жағдайын тексеретін арнайы комиссия құрылатындығын атап өтті. Талаптарға сай келмеген тәрбие беру ұйымдарымен келісімшарт тоқтатылады және оларға мемлекеттік тапсырыс берілмейді.
— Ең алдымен, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Ойыншықтардың саны мен сапасын арттыру, дәмді және пайдалы тағамдармен қамтамасыз ету баса назарға алынуы тиіс, — деп атап өтті Ғ.Рахматоллаұлы.
Қазіргі таңда, қала аумағында 459 балабақша жұмыс істейді. Олардың 351-і жеке меншік иелігінде.