Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр жылдағы жолдауларында сыртқы саясатқа арнайы тоқталып, көрші елдермен, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Сондай көршілес, бауырлас Орталық Азиядағы үлкен мемлекеттердің бірі – Өзбекстан. Екі елдің халқы ғасырлар бойы араласып жатқаннан кейін, тарихи тамырымыздың байланысы да тереңде, сондықтан қазіргідей жаһандық даму кезінде де ықпалдастықты күшейте түсуіміз орынды.
Елбасының сарабдал саясаты аясында екі ел достығын одан әрі нығайту мақсатында 2018 жылдың Өзбекстанның Қазақстандағы жылы деп жариялануы көңілге қонымды. Екі елдің мәдени бауырластығы жаңғырып, экономикалық байланыстары одан әрі нығая түсетіні сөзсіз. Сарапшылар бұл қадам 2020 жылға дейін Өзбекстан мен Қазақстанның сауда әріптестігін жаңа деңгейге көтеру мақсатының уақытынан бұрын орындалатынына деген сенімді күшейтеді әрі көршілес елдерді Орталық Азиядағы үдемелі дамудың драйверіне айналдырады деп топшылауда.
Достық қарым-қатынас пен мәдени-гуманитарлық байланысты жаңғырту мүддесімен Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында елімізде бірнеше мәдени іс-шараны өткізу жоспарланған. Астанада түркі халықтарының атақты философы, мемлекет қайраткері Әлішер Науаиға ескерткіш орнатылатын болса, Өзбекстанда өзбек президентінің абайтануға арналған қаулысы шыққан. Өздеріңізге белгілі «Қиырдағы қазақтар» жобасының аясында алыс жұрттағы қандастарымыз туралы да талай тарихи маңызды мәліметтердің жинақталатыны да аян.
Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткерлері, қолбасшы, би-шешендері қазіргі өзбек жерінде туып-өсіп, білім алып немесе мәңгілік тұрақтарын тапқандары тарихтан белгілі. Дерек ақиқатын кезінде жарты әлемді дүр сілкіндіріп, Мауренаһр империясын құрып, «Йылдырым Баязиттің» тізесін бүктіріп, басын еңкейткен Әмір Темірдің кесенесі айқындаса, Нұр ата аймағында дүниеге келген Әйтеке би және оның ұрпағы Жалаңтөс батыр Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620–1636 жылдары «Ширдор» (Арыстан қақпа) медресесін салдырды. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медресесінің құрылысын бастады. Жалаңтөс баһадүр салдырған кешенді құрылыстар Самарқандағы Регистан алаңын қалыптастырып, қаланың салтанатты орталығына айналады. Жалаңтөс баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып Самарқан, Бұқара, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, бүкіл Орта Азия сахарасының да қорғаны бола білді.
Ташкент қаласының ең көрнекті орындарының бірі саналатын «Төле би кесенесі» сәулет кешенінде қазақтың біртуар перзенті Төле би жерленген. XVІІІ ғасырдың бірінші жартысында салынған кесене – қазіргі Ташкент аумағындағы ең көне, тарихи маңызы зор ескерткіштердің бірегейі. Тарихи тұлғалардың қайсы бірінің өмір деректерін зерттесеңіз де олардың бір тіні өзбек бауырлардың тарихи деректеріне тірелетіні екі елдің ара-қатынасының тығыз байланыста болғанын аңғартады. Ұлы Отан соғысы кезінде жауға қырғидай тиген Кеңес Одағының Батыры генерал Сабыр Рахимов та екі елге ортақ тұлға.
Екі елдің ынтымағы әлемдегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты ең үлкен проблемалардың бірі – ядролық қарусыздандыру мәселесін оңынан шешуге ықпал етті. 1991 жылы Қазақстан Семейдегі сынақ алаңын жапқаннан кейін 1993 жылы Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Каримов Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялауды ұсынды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ташкентке сапары барысында қол қойылған Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жан-жақты, әсіресе экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге септігін тигізді. Ал 1997 жылы наурызда жасалған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Республикаларының арасындағы Мәңгілік достастық туралы үшжақты шарт – қарым-қатынасты дамытудағы тағы бір маңызды қадам болды. Елбасының 1998 жылдың қазанында Өзбекстанға жасаған ресми сапары көршілес елдердің ынтымақтастығын одан әрі арттыруға тың серпін берді. Шын мәнінде, екі ел бір-біріне сенімді серіктес, сондықтан Қазақстан-Өзбекстан достығы мен ынтымақтастығын тереңдете түсу ісі жалғаса бермек. Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ірі сауда әріптесі. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы ауыл шаруашылығы, металлургия және мұнай өнімдері негізінде өсіп отыр және де Қазақстанда Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген ерекше сұраныс барын атап өткен жөн. Бауырлас екі мемлекеттің бизнес құрылымдарынан өзара инвестициялар көлемін арттыру көзделіп, Қазақстан 2012 жылдан бері Өзбекстанға бағыттаған инвестициясының көлемін 5 есеге ұлғайтты. Өз кезегінде көрші мемлекет осы жылдың бірінші тоқсанында 4,4 млн доллардан астам тікелей инвестициялар жіберді. Екі елдің мәдени бауырластығын жаңғыртып, экономикалық байланыстарын нығайта түсу шаралары үстіміздегі жылы Астана қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуінен кейін ерекше қарқын алды.
Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға және дамытуға бірлесе қызмет етіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында консультациялық қызметті іске қосты. Бұл Орталық Азиядағы өткір мәселелерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне шығаруда таптырмас бірлескен әрекет болары айқын. Екі елдің де мақсаты ең әуелі, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм және экстремизммен күрес, экономикалық және экология мәселелерін бірге шешуге жол ашу. Әдетте Өзбекстан – демографиялық және сауда-экономикалық әлеуеті, мемлекеттілік және мәдени дәстүрлерінің сабақтастығы тұрғысынан мүмкіндіктері зор, Ауғанстанмен тарихи байланыстары терең және әлемдегі әртүрлі орталықтармен өзіндік сипаттағы тепе-теңдікті сақтап келген мемлекет. Сондықтан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия елдерінің одағын құру туралы бастамасы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы бастаманы негізге ала отырып, Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның кейінгі даму тұжырымдамаларында ұлттық-мемлекеттік құрылыс стратегиясынан біртұтас аймақ құру идеясына өту XXI ғасырдағы ең басты міндеттердің бірі деп қабылдады. Ш.Мирзиёев билікке келгелі бері Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Түрікменстанмен де байланыстарын жаңа деңгейге шығаруға деген ниет танытып, қажетті шаралар қабылдауда. Қазіргі таңда Өзбекстан «Егер халық бай болса, онда мемлекет те бай әрі қуатты болады» деген қағидаға сай өмір сүріп, кәсіпкерлікті дамыту мен іскерлік саланы түбегейлі жақсарту мақсатында жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге жол ашуға бет бұруда. Қазақстан мен Өзбекстан бірнеше этнос өкілдері өмір сүретін көп ұлтты мемлекеттер. Қазақ және өзбек халықтарының шыдамдылығы, тамырын тереңге жайған сан ғасырлық тарихқа ие болғанын жоғарыда атап көрсеттік. Әсіресе тәуелсіздік жылдары ұлтаралық және конфессияаралық әлемнің тұрақтылығын сақтап қалған бірден-бір достық туын желбіреткен елдер. Қазақтар мен өзбектер – бауырлас халықтар. Қазіргі таңда Өзбекстанда үлкен қазақ диаспорасы өмір сүруде. Сонымен қатар өзбек ұлысының 600 мыңнан астам өкілі қазақ жерін мекен етуде. Еңбекқорлық, сабырлылық және мейірімділік сынды қарапайым адами қасиеттер осы ұлттарға тән және мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының кепілі болмақ.
Екі елдің тарихи шежірелерінде де, киелі қоныстарында да ұқсастық және бір-бірінен ажырата алмас тұтастық бар, бұл екі ел арасындағы туристік байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында таптырмас идея. Сондықтан қазақстандық туристік қауымдастық Өзбекстан қалалары Ташкент – Бұқара – Самарқан − Шымған мен казақстандық қалалар Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы арасында туристік дәліз құруды ұсынады.
Мемлекет басшысының басшылығымен Қазақстан әлемдік қоғамдастықта лайықты орынға ие болып, бүгінде нарықтық экономикасы қуатты әрі азаматтық қоғамы ашық қарқынды дамыған демократиялық мемлекетке айналды. Осы қатынас арқасында бауырлас өзбек және қазақ халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік көпірі қаланды.
Діні бір, тілі бір, тарихы бір халықтардың интеграциялық байланыстарды үдетуіне ешкім кедергі келтірмейді, тек өзара достық қатынас үшін ықылас пен ниет болса болды.
Қазақ пен өзбек достығы, бауырмал ағайындық қарым-қатынасы екі мемлекеттің ғана емес, алты Алашты ұран еткен тұтастай түркі елдерінің мерейінің үстемдігін білдіретіні мәлім.
Еgemen.kz