Павлодар қаласында болатын «Ұлы Дала елі» фестиваліне жолға шыққан «Айғақ» арнасының шығармашылық тобы Қызылорда қаласына жетті. Сыр елінің тумасы Батырxан Шөкенов атындағы саябаққа аялдап, мүсінін көрді. Қоладан тұрғызылған талант иесінің ескерткіші керемет туынды. Алып мемлекет Ресейді өнерімен тәнті ете білген бірден-бір музыкант.
Жарық дүниеге ән болып келіп, ән болып кеткен, өнер көгінде жасындай жарқырап, ерте сөнген Батыр есімі мәңгілік ел есінде. Қазақ өнерінің өрістеуіне өзіндік үлес қосқан біртуар тұлғаны тыңдармандары ұмытпайды, керісінше ұлықтайды. Осы мақсатта әншінің жерлестері туған жерінде Батырхан Шөкенов атындағы саябақты ашып, еңселі ескерткіші бой көтерген болатын. Енді Батыр әндері Сыр көгінде мәңгілік әуелеп тұратын болады.
Әрине, бұл Батырға деген, оның өрелі өнеріне деген құрмет. Табиғи талантымен талайды таңдай қаққызған Батырхан Шөкенов қазақ эстрадасына тың жаңалық әкелген дарынды тұлға. Бүгінде Батырдың ән мұраларын зерттеп, кейінгі ұрпақ насихаттау мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр.
Хас таланттың қашанда бәсі бөлек. Біздің ұл деп мақтаныш еткенімізбен оны Ресейден бастап кешегі одақтас мемлекеттердің де әнсүйер қауымы өз перзентіндей көргендігі жасырын емес.
Айта кетейік, «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы 3-5 тамыз аралығындағы Павлодар қаласында өтетін фестивальге қатысуды жоспарлап отыр.