Елбасы Жарлығына сәйкес тарихи шешіммен облыс орталығы болған киелі Түркістан қаласына алғашқылардың бірі болып қаржы министрлігіне қарасты 4 бірдей департамент қоныс аударды. Яғни, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, қазынашылық департаменті, сондай ақ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мен облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдіктері енді Түркістан қаласында жұмыс жасайтын болады. Осы бір айтулы шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп салалық департаменттер қоныстанған ғимаратты аралап көрді.
Сондай-ақ бұл күні аймақ басшысы Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің 2018 жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша өткізілген мәжіліске де қатысты. Бұл жиынға аудан қала әкімдері мен депутаттар, мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты басқарма басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ал мәжілісте баяндама жасаған облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа басшысы Әлібек Тілегенов салық саласындағы атқарылған жұмыстар мен қатар өзекті болып тұрған мәселелерді сөз етті.