Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Мақтаарал аудандық мәслихатының келісімі бойынша Түркістан облысы әкімінің өкімімен Мақтаарал ауданының әкімі лауазымына Асанов Бахыт Нәсірханұлы тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активіне облыс әкімі Ж.Түймебаев таныстырып, лауазым иесінің жұмысына табыс тіледі.
Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол Бахыт Асанов бұған дейін Мақтаарал ауданының Жылы су ауылдық округінің әкімі, Жетісай қаласының әкімі, сондай-ақ, 2011 жылдан бері Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Айтып өтейік, Елбасының 2018 жылдың 5 маусымындағы Жарлығымен Түркістан облыстық әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес Қаулыға сәйкес, Мақтарал ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жетісай қаласында болатын Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кентінде болатын Мақтаарал ауданының әкімшілік-аумақтық бірліктері құрылған еді.