Астанада 30 маусымнан 1 шілдеге дейін «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде Қазақстан астанасының 20 жылдығына орайластырылған «Көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтеді, деп хабарлады фестивальдің ұйымдастыру комитеті.
Маусымның 27-і күні сағат 15.00-де «Спутник Қазақстан» баспасөз-орталығында «Көшпенділер әлемі» Халықаралық көшпенділер мәдениеті фестиваліне арналған баспасөз-брифингі өтеді.
Бұл күндері Астана қаласының тұрғындары мен қала қонақтары «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде түркі әлеміне саяхаттап, Ұлы Даланың рухын сезінуге мүмкіндік алады.
Фестивальдің тұжырымдамасы Түркі халықтарының Үлкен Құрылтайы моделіне негізделген. Сәтті деп танылған шара Венгрия Халықтық республикасында 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аумағы 7 ауылдан тұратын фестивальдің тұрғындары көшпенділер мәдениетін жетік меңгерген жаужүрек сарбаздар, мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар және музыканттар сан түрлі қойылымдар қойып, шеберлігімен көрерменді тәнті етпек.
«Ақ мерген» ауылы — көшпенділерден келе жатқан көне қару садақпен атудың шеберлерін анықтайды;
«Шабыт» ауылы – түркі халықтарының этникалық музыкасымен таныстырады;
«Тайбурыл» ауылы – «Көкпар тарту», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Асау» және тағы басқа ұлттық ойындарды паш етпек;
«Керуен сарай» ауылы – меймандарға көшпенділердің ас әзірлеу әдісі мен мәзірін ұсынбақ;
«Ақ сақа» ауылы – «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Асық ату» және тағы басқа көшпенділердің дәстүрлері ойындары болып, рухы мен болмыс-бітімі берік батырлар өз өнерін ортаға салады;
«Батыр» ауылы – дала батырларының ежелгі шайқастарының қыр-сырымен таныстырады;
«Шебер» ауылы — көлөнер шеберлерінің бұйымдарын паш етумен қатар оны жасаудың сырымен бөліседі;
Осылайша жиналған қауым көшпенділер мәдениеті жайлы толық мағлұмат алып, Башқұртстан, Болгария, Венгрия, Қырғыстан, Түркия, Украина, Якутия және Қазақстаннан келген дала көшпенділерінің «action» стиліндегі сан түрлі қойылымдарына тәнті болуға мүмкіндік алады. Келген қонақтар «Амазонкалардың» қойылымынан ерекше күйге бөлеп, таң қалуы мүмкін деп күтілуде.
«Арқайым» нео-этнофольклорлық тобы, хомусшы әрі көмеймен ән айтудың шебері Тюрген Кама, «Тұран» этно-фольклорлық тобы, «The Spirit Of Tengri» байқауының лауреаты Юлиана Кривопашкинаның музыкалық шашуы көшпенділер әлеміне толық бой алдыруыңызға мүмкіндік ашады.
«Көшпенділер әлемі» фестивалі Қазақстан астанасының 20 жылдық мерейтойына орайластырылған. Халықаралық іс-шараны ұйымдастырушылар Астана қаласы әкімшілігінің қолдауымен ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне қарасты Туризм индустрия Комитетінің тапсырымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ы болып табылады.
Дереккөз: ҚазТАГ.