Естеріңізге салар болсақ, өткен жылы қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын көріктендіру, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық жағдайына көңіл бөлу мақсатында «Таза қала» байқауы өткен болатын. Акцияға шаһардағы 4 ауданнан 169 аула, 75 көше қатысып, жеңімпаздарға «Қала күні» мерекесіне орай қала әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыс етілген еді. Осы оңды бастаманы онан ары дамытып, Шымкенттің шырайын арттыра түсу үшін қала әкімі Ғ.Әбдірахымов шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап көрді.
Әуелі, шаһар басшысы А.Байтұрсынов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тұрғындардың өтінішін тыңдады. Сөз кезегінде қала басшысы әр тұрғынының сүйікті қаламыздың дамып, гүлденуі үшін өз үлесін қосуы тиіс екендігін жеткізді. Әрі алдағы уақытта аулаларда бүлдіршіндерге арналып заман талабына сай ойын алаңшалары мен бұқаралық спортпен айналысуға ыңғайлы спорттық алаңшалар салынатындығын жеткізді.
Айта кетерлігі, осыдан ілгері бейнебақылау құралдары арқылы қала тазалығын қадағалау жолға қойылған еді. Қазіргі таңда бұл игі жоба оң жемісін бере бастады. Нәтижесінде, «Әл-Фараби» және «Еңбекші» аудандарындағы көп қабатты тұрғын үй аулаларында қоқыс тастайтын жаңа үлгідегі 1 282 евроконтейнерлер орнатылды. Үшінші қаланың тазалық мәселесін басты назарға алған шаһар басшысы Әл-Фараби ауданы әкімдігінің активімен кездесіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Әрі қала орталығында орын тепкен ауданның көршілес аудандарға үлгі болатындай жұмыс істеуі керектігін айтып өтті.
ЕЛІМІЗ 10 АЙДА 48,4 МЛРД ДОЛЛАРҒА ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКА ТАУАРЫН САТЫП АЛДЫ
Қазақстан электр энергетикасы тауарларын сатып алуда 42,6 пайыз импортқа тәуелді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлім етті. — Біздің...