ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Оңтүстікке іс-сапармен келді. Сәрсенбі күнгі сапар барысында министр өңір шаруаларының жылыжай кешендерімен танысып, өндірілген өнімнің бағасына назар аударып отыр. Яғни, еліміздің Оңтүстігіндегі арзан көкөністі алып-сатарсыз өзге өңірлерге тиімді бағада жеткізу мәселесі қарастырылмақ.Бүгінде Оңтүстік өңірінде ауыл шаруашылығы саласы, әсіресе жылыжай өндірісін дамыту ісі кеңінен қанат жайып келеді. Алайда облысымызда өндірілетін бақша өнімдері солтүстік аумақтарға жеткенде 2-3 есеге дейін қымбаттап кететін жағдайлар кезігіп отырады екен. Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков екі арадағы алып-сатарлармен күресуге басымдық беру қажет дегенді алға тартты. Ол үшін тек өндіріске ғана көңіл бөліп қоймай, сонымен қатар, сауда, логистика және транспорт мәселелерін басымдық берілуі керек. Жылыжайларда көбіне өсірілетін қияр мен қызанақ. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес мемлекеттен қолдау тапқан шаруалар берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отыр.Асылжан Сарыбайұлы өңір басшысымен бірге өткізілген жиын барысында мал шаруашылығы саласына да мемлекет басымдық беріп жатқанын тілге тиек етті. Төрт түліктің санын ғана емес, сапасын да арттыру үлкен маңызға ие деген министр малды асылдандыруға көңіл бөлу қажет дейді. Бірақ асылдандыру ісін мемлекет реттемейді, сондықтан өнімнің сапасын арттыру үшін шаруалар өзі үшін талпынуы тиіс.
Әбдімүтәлі ЖҰМАШ