ҚР Парламенті Мәжілісі Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату туралы үндеу жолдады. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеуі мәтінін төменгі палата депутаты Нұрлан Әбдіров жария етті-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз — Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының парламенттік фракцияларының өкілдері, еліміз үшін ең тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар үндеу жариялау үшін жиналып отырмыз. Қазақстан халқына және Елбасына жолдайтын үндеуіміз Ұлт жоспары мен дағдарысқа қарсы шараларды қай партияның жүзеге асыруын айқындайтын халықтың сенім мандатын анықтап алуды көздейді», — деді үндеуді оқыған Н.Әбдіров.