Шымкент қаласындағы бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының ғимараты өртке оранды. 10-желтоқсан күні орын алған оқыс оқиға шымшаһардың төтенше жағдайлар қызметін аяқтан тік тұрғызған. Күндізгі сағат 16:18-де түскен хабарлама бойынша жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті. Мәлім болғандай, от үлкен залдағы орындықтардан шыққан. Әп-сәтте-ақ көк түтінге тұмшаланған ғимараттың 126 шаршы метрі өтеніпті. Белгілі болғандай ғимаратта электр жүйесі сөндірулі болған. Яғни, тұйықталудан орын алды деуге келмейді. Әзірге қаңырап бос тұрған ғимарат «Қоғамдық келісім» КММ тиесілі. Демалыс күні болғандықтан тіпті онда күзетшіден басқа жан да болмапты.Көненің көзіндей болған, бір кездері аты дүрілдеген «Қазақстан» кинотетары Шымкенттегі ең бір халықтың көп шоғырланатын демалыс аймағы болған еді. Расымен-ақ, жекешелендіру кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ғимараттың қайта мемлекетке өтуі қуантқан болатын. Болашағына сенім білдіріп, этностарды біріктіретін орталық етуді көздеген билік «Қоғамдық келісім» мекемесінің балансына өткізген.