Өнерге деген ынтаға шек жоқ. Креатив хаб орталығында есту қабілеті бұзылған балаларға арналған шеберлік сағаты өтті. Жас қатысушылар кілем тоқу өнерімен танысып қана қоймай, өздері де іске кірісіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгерді.Шебердің әр қимылын қалт жібермей бақылаған балалардың зейіні ерекше. Бірі жіптің үйлесімін таңдаса, енді бірі өрнек құрауға ден қойды. Қолөнерге деген қызығушылықтары басым екенін аңғартқан арулар кілем тоқудың алғашқы тәсілдерін үйреніп, өз туындыларын жасауға талпынды.
Шеберлік сағатынан кейін балалар орталықта әр бейсенбі сайын ұйымдастырылатын көрмені тамашалады. Онда түрлі бағыттағы шығармашылық жұмыстар ұсынылған. Мұндай кездесулер жас өрендердің өнерге ықыласын оятып, қабілетін шыңдауға жол ашады. Ең бастысы, әр бала өз ойын шығармашылық арқылы жеткізуге мүмкіндік алды.


