Күнделікті жұмысында цифрлық технологияларды дамытып жүрген мамандар бұл жолы футбол алаңында бақ сынады. Шымкентте телекоммуникация және IT компаниялары арасында дәстүрлі «Shymkent Digital Cup – 2026» шағын футбол турнирі өтуде. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған спорттық додаға 10 команда қатысып, жеңіс үшін өзара мықтыны анықтайды.
Аталған турнирге «Қазақтелеком», Kcell, Beeline, Infodat және өзге де ірі IT компаниялардың өкілдері қатысуда. Сонымен қатар биыл құқық қорғау органдарының IT саласында қызмет ететін мамандары да жарысқа қосылды. Сондай ақ турнирдің негізгі мақсаты – бір салада еңбек ететін мамандар арасындағы байланысты нығайтып, кәсіби әріптестікті жаңа деңгейге көтеру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер командалық рухты қалыптастырып, бейресми ортада тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік үш командаға қаржылай сыйақы беріледі. Атап айтқанда, бірінші орын иегеріне – 350 мың, екінші орынға – 250 мың, ал үшінші орынға 150 мың теңге табысталады. Командалық есептен бөлек, үздік ойыншылар да назардан тыс қалмайды. Олар «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» секілді арнайы номинациялармен марапатталады.