Садақ тартқан мергендердің шеберлігі алғаш рет әлемдік деңгейде сынға түсті. Оңтүстік Кореяда дәстүрлі садақ атудан тұңғыш әлем чемпионаты өтіп, оған дүниежүзінің үздік спортшылары қатысты. Тарихи додада Шымкент мергендері де мерейлі жеңіске жетті.
Халықаралық бәсекеде Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, командалық сайыста алтын жүлделерге қол жеткізді. Ал шаһар намысын қорғаған спортшылар командалық есепте күміс және қола медальдарды қанжығалады. Осылайша, шымкенттік мергендер де әлемдік додада осал еместігін танытты.
Жекелей сында да жерлестеріміз жүлдесіз қалған жоқ. «Пута» нысанасы бойынша өнер көрсеткен спортшы қола жүлдеге ие болды. Ғасырлар қойнауынан жеткен садақшылық өнердің бүгінгі жалғастырушылары осылайша халықаралық аренада ел мерейін үстем етті.