Шымкент қаласының тұрғындары үшін халықаралық қатынас пен шетелге сапарлау мүмкіндіктерін кеңейтетін жаңа қызмет іске қосылмақ. Енді Францияға және Шенген аймағына баруды жоспарлаған азаматтар визалық құжаттарын тапсыру үшін Алматы қаласына сабылмай-ақ, қажетті рәсімдерді Шымкенттің өзінде орындай алады.
Бұл мүмкіндік Францияның Қазақстандағы Елшілігі мен Шымкент қаласының әкімдігі арасындағы уағдаластықтың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Жаңа бастама аясында VFS Global халықаралық визалық операторының мобильді биометриялық қызметі арқылы қалада Шенген визасына өтініш қабылдайтын уақытша орталық жұмысын бастайды.
Аталған қызмет, әсіресе, Шымкент қаласы мен оған жақын елді мекендердің тұрғындары үшін тиімді болмақ. Бұған дейін Франция визасына құжат тапсыру үшін Алматыға баруға мәжбүр болған азаматтар енді уақытын үнемдеп, қажетті қызметті өз қаласында ала алады.
Алғашқы қабылдау 2026 жылғы 23 қарашаға жоспарланған. Құжат тапсыруға ниетті азаматтар VFS Global компаниясының ресми сайты арқылы алдын ала жазылып, қабылдау орны ретінде Шымкент қаласын таңдауы қажет.
Қабылдау кестесі өтініштер санына қарай реттеледі. Сұраныс төмен кезеңде мобильді қызмет айына бір рет көрсетілсе, туристік сапарлар жиілейтін наурыз-шілде айлары аралығында айына екі рет ұйымдастырылады.
Айта кетейік, өтініш берушілер стандартты визалық және сервистік алымдардан бөлек, мобильді биометриялық қызмет үшін 100 еуро көлемінде қосымша ақы төлейді. Бұл төлемге дайын паспортты курьер арқылы қауіпсіз жеткізу қызметі де кіреді.
Қабылдауға жазылу тәртібі, құжат тапсыру күндерінің кестесі мен қызмет құны туралы толық ақпаратты VFS Global Kazakhstan компаниясының ресми сайтынан алуға болады: https://visa.vfsglobal.com/kaz/kk/fra/news/temporary-enrolment-location
Жаңа қызметтің іске қосылуы Шымкенттің халықаралық байланыстарын нығайтып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға да ықпал етеді. Ең бастысы, азаматтар үшін уақыт пен жол шығынын үнемдеуге мүмкіндік туады. Бұл – мегаполисте халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.



