Шымкент қаласының өндірістік әлеуетін арттыру, инвестициялық тартымдылығын күшейту және көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру бағытында тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Қаладағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында өнеркәсіптік кәсіпорындардың жүк тасымалына арналған тұйықталған теміржол желісінің құрылысы толық аяқталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа инфрақұрылым нысанын аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.
Жалпы ұзындығы 6,4 шақырымды құрайтын теміржол желісі индустриалды аймақта орналасқан өндіріс орындарының логистикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында теміржол төсемі төселіп, қажетті құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар құрылыс барысында бүлінген жол учаскелеріндегі асфальт жабыны толық қалпына келтірілді. Бұл өндірістік аумақтағы көлік қозғалысын реттеп, кәсіпорындар арасындағы қатынастың қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған жобаның жүзеге асуы – индустриалды аймақтың инженерлік және көлік инфрақұрылымын жүйелі дамытудағы маңызды кезең. Өйткені заманауи өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуі үшін электр энергиясы, су, газ секілді инженерлік желілермен қатар, шикізат жеткізу мен дайын өнімді тасымалдауға қолайлы логистикалық жүйенің болуы аса маңызды.
ЛОГИСТИКА – ӨНДІРІС ТИІМДІЛІГІНІҢ НЕГІЗІ
Бүгінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі өндіріс көлемі мен өнім сапасына ғана емес, тасымал жүйесінің тиімділігіне де тікелей байланысты. Шикізатты уақытылы жеткізу, дайын өнімді белгіленген мерзімде жөнелту және логистикалық шығындарды оңтайландыру кәсіпорындардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың қатарына жатады.
Осы тұрғыдан алғанда, «Жұлдыз» индустриалды аймағында теміржол желісінің іске қосылуы өндіріс орындары үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады. Енді кәсіпорындар қажетті шикізат пен материалдарды теміржол арқылы жеткізіп, өндірілген өнімді еліміздің өзге өңірлеріне және экспорттық бағыттарға жөнелтуге қолайлы жағдайға ие болады. Бұл жүк тасымалының үздіксіздігін қамтамасыз етіп, автомобиль көлігіне түсетін салмақты азайтуға да ықпал етеді.
Сонымен қатар теміржол инфрақұрылымының болуы өндіріс шығындарын оңтайландыруға, жеткізу тізбегіндегі уақытты үнемдеуге және кәсіпорындардың нарықтағы бәсекелестік мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Әсіресе ірі көлемдегі шикізат пен дайын өнімді тасымалдайтын өндіріс орындары үшін бұл – айтарлықтай тиімділік.
ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІК
Индустриалды аймақтың көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуі әлеуетті инвесторлар үшін де маңызды артықшылық саналады. Себебі жаңа өндіріс орнын ашуды жоспарлаған кәсіпкерлер үшін дайын инфрақұрылымның болуы жобаны жүзеге асыру мерзімін қысқартып, бастапқы шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
«Жұлдыз» индустриалды аймағында логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі мұнда жаңа кәсіпорындарды орналастыруға, өндірістік қуаттарды ұлғайтуға және инвестициялық жобаларды тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және қаланың өнеркәсіптік әлеуетінің артуына оң әсерін тигізбек.
Шымкенттің географиялық орналасуы да бұл бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтеді. Қала еліміздің оңтүстік өңірлерін байланыстыратын маңызды көлік тораптарының бірі саналады. Сонымен бірге Өзбекстанмен шекаралас орналасуы мен халықаралық сауда бағыттарына жақындығы өндірілген өнімді сыртқы нарықтарға шығаруға қосымша мүмкіндік береді. Сондықтан өндірістік аймақтардағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қаланың ұзақ мерзімді экономикалық стратегиясында ерекше орын алады.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БЕЛГІЛЕГЕН МІНДЕТТЕРМЕН ҮНДЕС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту, теміржол желілерін дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру және жүк тасымалының тиімділігін күшейту мәселелеріне айрықша назар аударып келеді.
Президент еліміздің көлік жүйесін жетілдіруді, халықаралық дәліздердің мүмкіндігін тиімді пайдалануды және өңірлердің экономикалық байланысын нығайтуды стратегиялық міндет ретінде белгілеген.
Бұл ретте өндірістік аймақтарды қажетті көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету – аталған міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асуының нақты көрінісі. Өйткені өнеркәсіптің дамуы мен логистиканың өзара сабақтастығы экономиканың тұрақты өсуіне негіз қалайды.
Шымкент қаласында да өндіріс орындарын қолдау, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. «Жұлдыз» индустриалды аймағына тартылған 6,4 шақырымдық теміржол желісі осы бағыттағы жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі.
Жалпы, сапалы инфрақұрылым – өндірістің өркендеуіне жол ашатын негізгі тетіктердің бірі. Жаңа теміржол желісі кәсіпорындардың логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, Шымкенттің ірі өнеркәсіптік және сауда-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға қызмет етеді. Ал өндірістің дамуы, инвестиция көлемінің артуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы қаланың экономикалық қуатын еселей түсетіні анық.



