Ақпан айының 20-күні «Айғақ» телеарнасының электронды поштасына Ресей Федерациясы, Курск облысы Поныри ауданынан жеделхат келді. «Застава св. Ильи Муромца» әскери-патриоттық қайырымдылық қорының басшысы өз хатында, 2016 жылы қараша айында аталған ауданда жүргізілген іздестіру жұмыстары кезінде белгісіз солдаттың сүйегі табылғанын хабарлайды. Анығы жауынгердің қалтасында Құран болған. Іздестіру тобы зерттей келе, жауынгердің ОҚО, Сайрам ауданы, Манкент станциясынан соғыс даласына аттанғаны белгілі болады. Аты-жөні, мекен-жайы былай деп жазылған.
Казахская ССР,
Шишкент
Сайрамский район
Станция Манкент
почтовое отделение Карабулак
колхоз 2 им Молотова
от Ахбмамбекова Кулмхз.
Жауынгер табылған аймақта отты жылдары №140 Сібір атқыштар дивизиясы соғысқан.
Қалтасында Құраны табылған жауынгерді 2017 жылы 7 мамыр күні РФ, Курск облысы, Поныри ауданында құранмен қоса қайта жерлеу жоспарлануда.
Қазіргі таңда, «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы жат жерде қаза тапқан жауынгер туралы тың деректерді анықтау мақсатында журналисттік зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Телеарнаның редакторы Бағлан Байкөбекқызы мен телеоператорлар солдаттың туып-өскен жеріне аттанып, белгісіз кеткен жауынгер туралы мағлұматтар іздеуде.
ОБД Мемориал сайтының дерегі бойынша, жауынгер Ахмамбеков Прәлі (Проли) 1917 жылы туылған. 1942 жылдың 17 наурыз күні Сайрам аудандық әскери комиссариаттан соғыс даласына аттанған. Анасы Ахмамбекова Күлімқыз (Кулмхз) Сайрам ауданы, 2 Молотов колхозы мекенжайда тұрған.
Журналисттік зерттеу барысында боздақтың тұрғылықты мекенжайы Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округіне қарасты, Шапырашты ауылы болып шықты. Іс-сапар барысында жасы 90-ға таяған жергілікті тұрғын Сусар Асилованың айтуынша, солдаттың анасы Күлімқыз өмірінің соңына дейін баласын сарыла күткен. Бойына емшілік қасиет дарыған жан ауыл арасында қылқобызбен ем жасап аты шыққан. Жалғыз ұлы соғысқа аттанып, хабар — ошарсыз кеткенде келіні де еліне көшкен. Осылайша, өмірінің соңына дейін перзентін күтіп, жалғыз өзі ғұмыр кешкен кейуана 1958-1960 жылдары дүние салған екен.
Кімде кім, аталған азамат және отбасы туралы хабар білетін болса, төмендегі байланыс сымтетігіне хабарласуын сұранамыз:
Шымкент қаласы, Ғ.Иляев көшесі, 29 үй. Тел.: 30-10-86, эл.пошта: aigak@mail.ru