Шымкентте «Халық заңгері» акциясы тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетті
Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заңның үстемдігі айрықша мәнге ие. Өз құқығын білетін, заң талаптарын түсінетін азамат кез келген даулы жағдайда дұрыс шешім қабылдап, заңды жолмен әрекет ете алады. Ал құқықтық сауаттың төмендігі кейде азаматтың өз мүддесін қорғауына кедергі келтіріп, түрлі мәселелердің күрделенуіне әкелуі мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда халыққа құқықтық көмек көрсету, заң талаптарын түсіндіру және азаматтардың сауаттылығын арттыруға бағытталған бастамалардың маңызы зор. Шымкент қаласында өткен республикалық «Халық заңгері» акциясы да осы мақсатты көздеді.
Қаладағы Арбат алаңында ұйымдастырылған шара барысында тұрғындарға заңгерлік кеңес тегін берілді. Акцияға қалалық басқармалар мен әкімдік мамандары, заңгер-консультанттар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, прокурорлар және басқа да құқық саласының мамандарын қоса алғанда, 40-қа жуық маман қатысты.
Бір алаңда бас қосқан мамандар тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдап, заң тұрғысынан түсініктеме берді. Азаматтарға қандай жағдайда қай мекемеге жүгіну керектігі, құжаттарды рәсімдеу тәртібі және құқықтарын қорғаудың заңды тетіктері түсіндірілді.
Акция барысында көтерілген мәселелердің ауқымы кең болды. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй және жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдеу мәселелері бойынша кеңес алған.
Сонымен қатар соңғы уақытта қоғам үшін аса өзекті мәселелердің бірі – интернеттегі алаяқтық. Кибералаяқтық, алаяқтық схемаларға тарту және дропперлікке қатысты сұрақтар да жиі қойылған.
Бұл ретте құқықтық сауаттылықтың маңызы арта түседі. Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі кезеңде алаяқтардың түрлі тәсілдерін білу, жеке деректерді қорғау және күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау – әр азамат үшін маңызды.
Әл-Фараби ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Мерей Айжанованың айтуынша, азаматтар алимент өндіру, тұрғын үй, мүліктік мәселелермен қатар, алаяқтыққа байланысты жағдайлар бойынша да жиі көмек сұрайды.
Кейбір мәселелерді толық әрі жан-жақты қарау үшін азаматтарға барлық қажетті құжаттарымен аудан прокуратурасына жүгіну ұсынылады. Оның айтуынша, аудан прокуратураларына күн сайын түрлі мәселелер бойынша ондаған азамат келеді.
Бұл деректің өзі халықтың құқықтық мәселелерінің сан алуан екенін көрсетеді. Сондықтан азаматқа мәселе туындағаннан кейін ғана емес, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында да құқықтық кеңес беру маңызды.
«Халық заңгері» акциясының басты артықшылықтарының бірі – азаматтың өз мәселесін шешу үшін әр мекеменің есігін кезек-кезек қағуына тура келмейтінінде.
Арбат алаңында тұрғындар бірден бірнеше сала маманына жолығып, өз сұрағына қатысты бастапқы құқықтық кеңес алды. Адвокаттар мен заңгерлерден бөлек, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері де тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Мәселен, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу тәртібін түсіндірді.
Ал көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары мен олардың маңында кәсіпкерлік нысандарын салуды жоспарлаған кәсіпкерлер арасындағы жер мәселесіне қатысты да көптеген сұрақ қойылды.
Мұндай даулардың бірден шешіле қоймайтыны белгілі. Сондықтан тараптарға заң талаптарын түсіндіру, олардың құқықтары мен міндеттерін нақтылау және дауды заң аясында шешудің жолдарын көрсету – маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дамуында заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің маңызын үнемі атап көрсетіп келеді. Президент бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидатының түпкі мәні де – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыру.
Заң үстемдігі тек құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты ұғым емес. Ол әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуінен басталады.
Азамат өзінің заңды құқығын білсе, қандай жағдайда қай органға жүгіну қажеттігін түсінеді. Ал құқықтық мәселелерді заң шеңберінде шешуге дағдыланған қоғамда дау-дамайды өршіту, заңсыз әрекетке бару немесе алаяқтардың арбауына түсу қаупі де төмендейді.
Сондықтан «Халық заңгері» сияқты акциялардың әлеуметтік маңызы жоғары. Мұнда заңгерлік көмек қаржылық мүмкіндігіне қарамастан барлық азаматқа қолжетімді.
Құқықтық кеңес алу үшін азаматтардың барлығы бірдей жеке заңгер жалдауға немесе адвокат көмегіне жүгінуге мүмкіндік таба бермейді. Ал кейбір қарапайым көрінетін құқықтық мәселелердің өзі дұрыс түсіндірілмесе, кейін күрделі мәселеге айналуы мүмкін.
Осы жағынан алғанда көшпелі және ашық форматтағы құқықтық акциялардың тиімділігі бар. Азамат өз мәселесін маманға тікелей айтып, қандай қадам жасау керектігін анықтай алады.
Мұндай кездесулердің тағы бір маңызды қыры – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы тікелей байланысты күшейту. Тұрғынның мәселесін тыңдау арқылы мамандар қоғамда қандай құқықтық мәселелердің жиі кездесетінін де аңғара алады.
Бұл өз кезегінде алдын алу шараларын күшейтуге, түсіндіру жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Халық заңгері» акциясы бірнеше жылдан бері қазақстандықтарға тегін құқықтық кеңес беріп келеді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету және халыққа өз құқығын қорғаудың заңды жолдарын түсіндіру.
Бүгінде тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру тек арнайы акциялармен шектелмеуі керек. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына, еңбек ұжымдарынан бастап қоғамдық ортаға дейін жүйелі түрде жүргізілгені жөн.
Ал құқықты құрметтейтін қоғамда заңсыздыққа төзбеушілік қалыптасады. Бұл – Президент көтеріп отырған «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың басты алғышарттарының бірі.
Шымкенттегі «Халық заңгері» акциясы тұрғындарға нақты құқықтық көмек көрсетіп қана қоймай, бір маңызды ақиқатты тағы бір мәрте аңғартты: заң халыққа түсінікті әрі қолжетімді болған сайын, қоғамның құқықтық мәдениеті де соғұрлым жоғары болады.
Заңды білу – құқықты қорғаудың бастауы. Ал өз құқығын білетін азамат – әділетті қоғамның берік негізі.











