Қазақтың дәстүрлі қолөнері – халқымыздың тұрмыс-тіршілігін ғана емес, тұтас дүниетанымын, эстетикалық талғамын, өмір салтын танытатын рухани мұра. Соның ішінде киіз басу, текемет жасау өнерінің орны бөлек. Ғасырлар бойы қазақ шаңырағының сәнін келтіріп, тұрмысына қызмет еткен текемет уақыт өте келе жай ғана бұйым емес, ұлттық мәдениеттің өзіндік белгісіне айналды.
Бүгінде жаһандану дәуірінде осындай төл өнерді сақтап қалу, оның мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта Шымкентте «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивалі ұйымдастырылды. Ұлттық қолөнерді ұлықтаған мәдени шараға еліміздің әр өңірінен келген шеберлер мен өнерпаздар қатысып, бауырлас Қырғызстаннан арнайы келген қолөнер өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы ұйымдастырған фестивальдің негізгі мақсаты – дәстүрлі қолөнерді дәріптеу, ұлттық мұраны жаңғырту және оны кейінгі буынға аманаттау.
«Этноауыл» кешенінде өткен фестиваль барысында қазақтың дәстүрлі киіз бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, текемет жасаудың көне технологиясы көпшілік назарына ұсынылды.
Шеберлер жүнді өңдеуден бастап дайын текеметке дейінгі барлық процесті көпшіліктің көз алдында орындады. Жүнді илеу, сабау, түту, тарау, иіру, шүйкелеу, бояу, шабақтау, өр салу сияқты жұмыстардың әрқайсысы арнайы білім мен тәжірибені қажет етеді.
Бүгінде технологиялық тұрғыдан қарапайым көрінгенімен, бұл үдерістердің астарында халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі жатыр. Бұрын қазақ әйелдері үшін текемет басу – тұрмыстық қажеттілікпен қатар, қыз баланы еңбекке баулу, қолөнерге үйрету, үлкеннен кішіге өнер жеткізу мектебі болған.
Текеметтегі әрбір оюдың, әрбір түстің өзіндік мәні бар. Демек, бұл өнерді сақтау – белгілі бір қолөнер техникасын ғана сақтау емес, халқымыздың дүниетанымын, ұлттық эстетикасын және рухани жадын сақтау.
Фестиваль барысында киіз басу жұмыстары LED экран арқылы да көрсетіліп, көрермендер дәстүрлі технологияның қыр-сырын жақыннан көруге мүмкіндік алды. Бұл әсіресе жастар үшін танымдық тұрғыдан маңызды болды.
Шара барысында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы төрағасының орынбасары Мөлдір Оңдасынова ұлттық дәстүрді дәріптеудің маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, салт-дәстүр – халықтың болмысын айқындайтын рухани негіз. Сондықтан оны ұлықтау – өткенді еске алу ғана емес, ұлттық құндылықтарды қазіргі қоғамның өмірімен сабақтастыру.
Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау және өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық пен ұлттық сана қалыптастыру жөніндегі ұстанымдарымен де үндеседі.
Президент қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінде ұлттық мәдениет пен дәстүрдің маңызын бірнеше рет атап көрсетіп келеді. Өйткені ұлттық бірегейлік ең алдымен адамның өз тарихын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін білуінен басталады.
Осы тұрғыдан алғанда, «ТЕКЕМЕТ FEST» сияқты шаралардың тәрбиелік мәні зор. Мұнда ұлттық өнер сахнадан көрсетіліп қана қоймай, оның жасалу жолы, тарихы мен мәні көпшілікке түсіндіріледі.
Фестивальдің ерекшеліктерінің бірі – қазақ пен қырғыз халқының қолөнеріндегі ортақ дәстүрлердің тоғысуы.
Текемет, киіз басу, ою-өрнек жасау өнері екі халықтың да тұрмысында ежелден маңызды орын алған. Сондықтан фестивальге Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласынан келген қолөнер шеберлерінің қатысуы шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
«Ыр-керуен» мәдени қоғамдық қорының жетекшісі Венера Пирматова бастаған қырғызстандық өнерпаздар фестивальге екінші рет қатысып отыр. Биыл олар өздерімен бірге 20 қолөнер шеберін алып келген.
Қырғызстандық қонақтардың айтуынша, мұндай кездесулер екі елдің шығармашылық байланысын нығайтып қана қоймай, ортақ мәдени мұраны жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.
Қазақ пен қырғыздың тарихи тамыры бір, мәдениеті мен салт-дәстүрі сабақтас. Екі ел шеберлерінің бір алаңда бас қосуы – осы ортақтастықтың нақты көрінісі.
Мұнда басты назардың бірі – әжелердің өнерін кейінгі буынға көрсету. Өйткені дәстүрдің өміршеңдігі оның ұрпақтан-ұрпаққа берілуімен өлшенеді.
Фестивальде «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» өз өнерлерін ортаға салды. Ал «Балалар көркемсурет» мектебінің ұстаздары мен шәкірттері киізбен жұмыс істеудің заманауи бағыттарын көрсетті.
Бір алаңда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі әдіспен текемет басқан әжелер мен ұлттық өнерді жаңа тәсілдермен игеріп жүрген жас буын қатар көрінді. Яғни ұлттық қолөнердің кешегі тәжірибесі бүгінгі шығармашылық ізденіспен сабақтасты.
Бұл – дәстүрдің қатып қалған дүние емес екенін көрсетеді. Керісінше, уақыт талабына қарай түрленіп, жаңа мазмұнмен толыққан жағдайда ғана ол өміршең болады.
Жастар ұлттық қолөнерді тек музейдегі жәдігер немесе өткен дәуірдің белгісі ретінде емес, шығармашылықтың заманауи бағыты ретінде қабылдауы қажет. Сонда ғана ұлттық мұраның болашағы баянды болмақ.
Текеметке сырт көзбен қарағанда, ол – жүннен жасалған тұрмыстық бұйым. Ал оның ішкі мазмұнына үңілсек, тұтас бір халықтың өмір салты мен дүниетанымын көруге болады.
Ою-өрнек – халықтың эстетикалық талғамын, түс үйлесімі – көркемдік танымын, оны жасау тәсілі – атадан балаға жеткен тәжірибесін көрсетеді.
Осындай мұраларды қайта жаңғырту арқылы біз тек өткенді дәріптеп қоймаймыз. Ұлттық өнердің экономикалық және шығармашылық әлеуетін де арттыра аламыз. Қазіргі таңда дәстүрлі қолөнер бұйымдары мәдени туризмнің, этнотуризмнің және шығармашылық индустрияның бір бағытына айналып келеді.
Бұл тұрғыдан алғанда, Шымкентте осындай фестивальдердің тұрақты өткізілуі қаланың мәдени әлеуетін арттырумен қатар, ұлттық өнер шеберлерін қолдауға, олардың еңбегін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
«ТЕКЕМЕТ FEST» – бір күндік мәдени шарадан әлдеқайда ауқымды мағынаға ие бастама. Оның басты құндылығы – ұмыт бола бастаған өнерді көпшілікке қайта таныстырып, шеберлердің тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуінде.
Ұлттық мұраны сақтау тек мәдениет саласының мамандарына немесе қолөнершілерге жүктелетін міндет емес. Бұл – қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Өйткені ұлттық мәдениет ұрпақ жадында сақталғанда ғана елдің рухани тұтастығы бекиді.
Қазақтың қолөнері – өткеннің естелігі емес. Ол – бүгінгі ұрпақтың шығармашылығына негіз болатын, ертеңгі күнге жалғасатын тірі мұра. Ал оны сақтап, жаңғыртып, заманауи ортаға бейімдеу – ұлттық болмысты сақтаудың маңызды жолдарының бірі.
Шымкентте өткен «ТЕКЕМЕТ FEST» осыны тағы бір мәрте көрсетті. Әже қолындағы ине мен жіптен, шебер қолындағы жүн мен бояудан басталған өнер бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Ең бастысы – оның ертеңге де жетуіне жағдай жасау.
Дәстүр жалғасса – ұлттық жады жаңғырады. Ұлттық өнер ұлықталса – ұрпақтың рухани тамыры беки түседі.











