Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы да Шымкент спортшыларының жеңістерімен толықты. Қос спортшы – бокстан Төрехан Сабырхан мен еркін күрестен Начын Куулар құрлық додасында ел намысын абыроймен қорғап, бір алтын және бір қола жүлдені қанжығаға байлады.
Бұл – жекелеген спортшылардың ғана жеңісі емес, Шымкентте кәсіби спортты дамытуға, жас таланттарды қолдауға және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті спортшыларды тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
70 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан әлем чемпионы Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды. Шымкенттік былғары қолғап шебері жарыс бойы қарсыластарының барлығын сенімді басымдықпен жеңіп, Қазақстан құрамасының сапындағы ең жарқын нәтижелердің бірін көрсетті.
Төрехан Сабырхан алдымен 1/8 финалда Қатар спортшысы Мохаммед Дбичиді 5:0 есебімен жеңді. Ширек финалда Ирак өкілі Әли Касим Хамдан Әл-Сарайды бірінші раундта нокаутқа жіберді. Жартылай финалда Өзбекстан боксшысы Шавкатжан Болтаевтан 5:0 есебімен басым түсті.
Ал финалда Иордания өкілі Зейад Ишаишпен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебінде жеңіске жетті.
Осылайша Төрехан Сабырхан Азиада чемпионы атанып қана қоймай, Қазақстан құрамасының құрлық додасындағы оныншы алтын жүлдесін иеленді.
Қазақстан боксшыларының Азия ойындарындағы алтын жүлдесі бұған дейін 2014 жылғы Инчхон додасында бұйырған еді. Арада он екі жыл өткен соң қазақ боксының Азиададағы жеңісті дәстүрін Шымкент спортшысы жалғастырып отыр. Бұл – отандық бокс үшін де, шымкенттік спорт мектебі үшін де айрықша нәтиже.
Шымкенттік спортшылардың Азиададағы жетістігін еркін күрес шебері Начын Куулардың қола жүлдесі толықтырды.
65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшы қола медаль үшін Солтүстік Корея өкілі Ким Кван Жимен белдесті. Кездесу барысында есеп бойынша есе жіберіп тұрған шымкенттік балуан шешуші сәтте сабырлылық пен шеберлік танытып, таразы басын өз пайдасына аудара білді.
Нәтижесінде Начын Куулар қарсыласын 7:5 есебімен жеңіп, Азия ойындарының қола жүлдесіне ие болды.
Бұл медальдің де маңызы зор. Өйткені күрес – қазақ спортының тарихи тамыры терең, ұлттық болмысымызбен біте қайнасқан спорт түрі. Бүгінде осы дәстүрді заманауи спорт жүйесімен сабақтастыра отырып, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын балуандарды тәрбиелеу – маңызды міндеттердің бірі.
Шымкент спортшыларының Азиада төріндегі табысы кездейсоқ келген жетістік емес. Соңғы жылдары елімізде спорт инфрақұрылымын дамытуға, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға, кәсіби спортшылардың шеберлігін арттыруға ерекше мән беріліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау, спорттық инфрақұрылымды қолжетімді ету және елдің халықаралық аренадағы спорттық беделін арттыру бағыттарын үнемі назарда ұстап келеді.
Бүгінгі Азия ойындарындағы Төрехан Сабырхан мен Начын Куулардың жетістігі – кешегі жаттығудың ғана емес, ертеңгі чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстың нәтижесі.
Азия ойындарының төрінде Шымкент спортшылары осылайша қаланың ғана емес, тұтас Қазақстанның абыройын асқақтатты. Ең бастысы, бұл жеңістер ел спортындағы жаңа белестердің бастауы болғай.












