Әскердегі тәртіп пен заң талаптарының сақталуы – жауынгерлік дайындықтың маңызды бөлігі. Осыған орай әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жиын өтті. Кездесуге норколог және теолог мамандар да қатысып, жат әдеттердің зияны жөнінде пікір білдірді.
Әскери ортада тәртіп – басты талап. Ал заңды білу – сол тәртіптің негізі. Осыны арқау еткен кездесуде мамандар есірткі, құмар ойын және өзге де тәуелділіктердің салдарын айтып, заңсыз әрекетке жол бермеудің маңызын түсіндірді. Құқықтық сауаттылықты арттырудың басты мақсаты – бұзақылықтың алдын алып, әскери қызметшінің өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
Заң талаптарын білу – жауапкершіліктің алғашқы қадамы. Ал оны күнделікті қызметте сақтау – әскери тәртіптің берік негізі. Сондықтан мұндай кездесулерде құқықтық нормалармен қатар, қиын жағдайдан шығудың жолдары да сөз болады. Мамандар қиындыққа тап болған жағдайда мәселені жасырмай, дер кезінде айту арқылы, кез келген келеңсіз жағдайдың алдын алуға болатынын жеткізді.
Қылмыстың алдын алу – бір реттік түсіндіру жұмысымен шектелмейді. Бұл бағыттағы жүйелі шаралар әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуге ықпал етеді. Өйткені әскери ортадағы әрбір шешім – жеке жауапкершілікпен қатар, ұжымның қауіпсіздігі мен қызметтің сапасына әсер ететін маңызды қадам.