Шымкентте заңсыз қоқыс тастаған жүргізуші дрон арқылы анықталды. Қаланың белгіленбеген аумағына қоқыс төккен КамАЗ жүргізушісіне қатысты тиісті шара қолданылып, көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция қызметкерлерінің талабынан кейін жүргізуші өзі тастаған қоқысты қайта жинап, ластанған аумақты тазалады. Осылайша, құқық бұзушылықтың салдары жойылып, аумақ бастапқы қалпына келтірілді.
Қазір қала аумағында тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуы бейнебақылау жүйелері мен дрондардың көмегімен тұрақты бақылауда. Айта кетейік Жыл басынан бері Шымкентте қаланың тазалығына, экологиясына және сыртқы келбетіне кері әсер ететін 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Полиция мұндай жағдайлардың алдын алып, «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуде.