Шымкентте Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған алғашқы сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. 40-қа жуық жас Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы әскери бөліміне жол тартты. Жалпы күзгі шақыру жоспарына сәйкес, шаһардан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 200-ден астам, ал Ұлттық ұлан қатарына шамамен 400 азамат жіберіледі. Алда жас сарбаздарды әскери тәртіпке бейімделіп, жауынгерлік дайындықтан өтетін жауапты кезең күтіп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұдан былай сарбаздарды әскер қатарына аттандыру мен әскери ант қабылдау рәсімдері жаңа форматта өтеді. Қазіргі уақытта осы жаңартылған форматтың алғашқы кезеңі бойынша шақырылған сарбаздар әскерге жөнелтіліп жатыр.
Сарбаздар алдағы уақытта Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын 5571 әскери бөлімінде қызмет ететін болады Шақырылушыларға ақжолтай тілегін білдірген полковник Әбдіғабит Шегебаев Отан алдындағы азаматтық борышты абыроймен атқарудың маңыздылығын атап өтті. Сондай ақ салтанатты шараға Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Мұрат Жолдықожаев қатысып, жас сарбаздарға сәтті сапар тілеп, елдің оларға артқан сенімін жеткізді. Ол жас жауынгерлерге әскери міндетті абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуларына тілектес екенін жеткізді.
Жас жауынгерлер үшін бұл күн — Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінген маңызды қадам болды. Өз қалауларымен әскер қатарына аттанған сарбаздар ел қорғауды бабалар аманаты әрі перзенттік борышымыз деп біледі. Болашақ гвардияшыларды 6506 әскери бөлімінің әскери оркестрі әуезді әуенмен шығарып салды. Алда оларды шыңдалған ерік-жігер мен шынайы әскери достық күтіп тұр.