Сегіз айға созылған тартысты дода аяқталды. 147 мектептен келген 5 мыңнан астам оқушы бақ сынаған жастар лигасы өз мәресіне жетті. Сайыстың 9 түріне қатысушы командалар арасында үздіктер анықталды. Жалпы командалық есепте Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы чемпион атанды.Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл «Жастар лигасы» бұрынғы жылдармен салыстырғанда ауқымын кеңейтіп, қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл мектеп спортының дамуына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы биылғы жарыста жоғары нәтиже көрсетті. Мектеп ұжымы жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Сонымен қатар футболдан, шахматтан күміс жүлде және баскетболдан қолаға қол жеткізді. Мектеп басшылығы бұл жетістікті оқушылардың жүйелі дайындығы мен мұғалімдердің қажырлы еңбегінің нәтижесі деп бағалайды.
Биылғы лигада шахмат сайысы ерекше тартысты өткен. Жүздеген қатысушы арасынан Жоласбеков атындағы №9 IT лицейінің оқушысы үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Жас жеңімпаз жарыс барысында қарсыластарын сабырлылығы мен ұтымды тактикасының арқасында айламды асырдым дейді.
«Жастар лигасы – 2026» жас спортшылардың жаңа буынын танытқан алаңға айналды. Бірі чемпион атанса, бірі тәжірибе жинады. Бірақ барлық қатысушыны ортақ мақсат біріктірді. Ол салауатты өмір салтын насихаттау және спорт арқылы жаңа белестерді бағындыру. Бүгінгі жеңіс ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы.