Алматы облысы Талғар ауданы, Жаңалық ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде белгілі ғалым, профессор Дәулет Мұхамеджанұлы Шейх-Әли Тынышбаевты еске алу шарасы өтті.
Шара «Асылдың сынығы – тектінің тұяғы» деген атпен ұйымдастырылып, оған М. Тынышбаев атындағы қордың басшысы Нұршакен Жүнісова, Алматы облысының музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов және музей ұжымы қатысып, айтулы тұлғаның қоғамдық-ғылым саласына қосқан өлшеусіз үлесі мен өмір жолы туралы естеліктер айтылды.
Бұл кездесу еліміздің тарихында ерекше орын алатын адамды еске алу және жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған. Профессор Дәулет Мұхамеджанұлы Шейх-Әли Тынышбаев – қазақтың тұңғыш теміржол инженері, қоғам қайраткері, әрі Алаш қозғалысының көрнекті белсендісі Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы. Ол 10 ақпан 1931 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Жас кезінен ғылыми ізденіске берілген Дәулет Мұхамеджанұлы техника ғылымдарының докторы, профессор атағын иемденіп, 150-ден аса ғылыми еңбек пен авторлық куәліктің авторы болды. Осы іргелі зерттеулері арқылы ол инженерлік ғылым мен мұнай-газ саласына үлкен үлес қосты, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдегі ғылыми қауымдастықтармен тығыз байланыс жасады.
Шарада ғалымның туған жері мен әкесі туралы, сондай-ақ қуғын-сүргін жылдарындағы қиын кезеңдер жайлы естеліктер айтылды. Шейх-Әли Дәулет Мұхамеджановичтің өзі де әкесінің ұлттық идеялары мен аңсарлы көзқарасын жалғастырып, Қазақстанның ғылыми кеңістігінде беделді адамға айналды. Оның ұстанған ғылыми принциптері мен педагогикалық қызметі ел тарихында зор із қалдырды.
Мұндай шаралар тарихты құрметтеу, ұрпаққа патриоттық тәрбиесін беріп, ғылыми қаhармандарды еске алу арқылы жас буынға үлгі көрсету мақсатында өткізіледі. Олар қазақ қоғамының рухани және интеллектуалдық дамуына қосылған үлкен үлес екенін атап өткен жөн.





