Құқық қорғау қызметкерлері дөңгелек үстелде бас қосты. Конституцияның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» атты тақырыпта өткен жиында заң үстемдігін нығайту жолындағы шаралар пысықталып, азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелері көтерілді.Ата заңның 30 жылдығы қарсаңында өткен басқосуға Шымкент қалалық соты, полиция департаменті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.Жиында құқық қорғау органдарының өкілдері әділ сот төрелігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткіге қарсы күрес, сондай-ақ жастар арасындағы құқық бұзушылықты азайту бағытында пікір алмасты.
Сонымен қатар қазіргі жас буын өкілдері Ата заң талаптарына қайшы әрекеттерге қаншалықты жиі барады және Конституцияны сақтау бағытында жастармен қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатқаны жөнінде маман жауап берді.Дөңгелек үстелде, сондай-ақ, цифрландыруды жетілдіру арқылы құқық қорғау саласының тиімділігін арттыру жолдары талқыланды. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, соңғы екі жыл ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ондаған іс-шара ұйымдастырылған. Оның басым бөлігі – есірткінің таралуына тосқауыл қоюға бағытталған.
Жиын соңында қатысушылар Конституция талаптарын бұлжытпай орындаудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Заң үстемдігі ол – ел тәуелсіздігінің берік тірегі. Сондықтан қоғамда әділеттілікті орнату, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастардың заңға деген құрметін арттыру – құқық қорғау саласының басты басымдықтарының бірі.