30 жыл – 30 игі іс. Биыл төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл. Осы мерейтойдың қарсаңында Шымкентте сала қызметкерлері әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлерін жылыту маусымына дайындап, мұржаларын тазартты. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерге арнайы қауіпсіз терезелер орнатып, бала қауіпсіздігін басты назарға алды.Шымкент қаласының 5 ауданына қарасты төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған игі шараның бастауы департамент маңында өтті. Алғашқы болып орындалуы тиіс жұмыстар пысықталып, қызметкерлерге даярлық жүргізілді. Бұл шараға сала мамандарымен қатар еріктілер мен жастар да атсалысты.
Құрылғанына 30 жыл толып отырған бұл сала қашанда халықтың қауіпсіздігі үшін қызмет етіп келеді. Қауіп-қатермен бетпе-бет жүретін мамандар мерекеге орай әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды қуантты. Ең алдымен Қарабұлақ елді мекенінде газанықтағыш орнатып, мұржаларды тазалау жұмыстарын жүргізді.Тұрғындарға көмек көрсету барысында төтенше жағдайлар қызметкерлері үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар көшелерде сақтық шараларын сақтау туралы ескертулер жасалды.
«30 жыл – 30 игі іс» акциясы аясында өткен шараларға қала тұрғындары ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Мұржаларды тазалаудан бөлек, игі бастама Тұран шағын ауданында жалғасты. Онда көпқабатты үйлердің терезелеріне бекітпе орнатылды. Бұл – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.Осындай іс-шаралар Төтенше жағдайлар министрлігінің халық қауіпсіздігін басты міндет санайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал мерейтой аясында бастау алған игі істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.