Ел ертеңі жас ұрпақ десек 1 қыркүйек мектеп қабырғасында білім алушылардың мерекесі. Осы айтулы күнді «Seitzhan school» мектебі де ерекше атап өтті. Салтанатты жиында мектеп құрылтайшысы үш мұғалімге OKS Group-тың су жаңа пәтерлерінің кілтін табыстады.
Жаңа оқу жылын 600-ден астам оқушымен бастайтын «Seitzhan school» мектебі, 2024-2025 оқу жылына тыңғылықты дайындалған. Биыл мектеп Білім Инновация Лицейлерінің жүйесімен жұмыс істейді, бұл оқушыларға «сапалы білім мен саналы тәрбие» алуға мүмкіндік береді. 1 қыркүйек білім күніне орай «Seitzhan school» мектебінде арнайы іс-шара өтті. Мерекелік жиынға мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер мен оқушылар және білім ордасының ұжымы, басшылар мен ата-аналар қатысты. Шарада ән айтылып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті.
Мектеп заман талабына сай білім беруді мақсат еткен. 1-4 бастауыш сыныптарда «Сингапурлық математика» бағдарламасы арқылы математика пәні тереңдетілген, ал орта буын сыныптарға PBL – жобалық негізде оқыту жүйесі жүзеге асырылады. Оқушылар 10-сыныптан бастап IELTS және SAT, ҰБТ емтихандарына дайындалып, еліміздің үздік және шетелдік университеттерге түсуге мүмкіндік алады.
Салтанатты жиында мектептің құрылтайшысы үш мұғалімге OKS Group-тың су жаңа пәтерінің кілтін табыстады. Бұл марапат мұғалімдердің білім беру саласындағы қажырлы еңбегіне деген шынайы құрмет пен алғыс ретінде берілді. Ел ертеңі болашақ ұрпаққа білім мен тәрбиені қоса беретін мамандар мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
Жиын соңында алғашқы қоңырау соғылып, бүлдіршіндер оқу ордасының табалдырығын аттады. Ұстаздар мерекелік шарадан соң оқушыларға арнайы сынып сағаттарын өткізді.