Қазақ медицинасының мақтанышы, Қазақстан тағамтану академиясының президенті, әлемдік денсаулық сақтаудың аңыз адамы болған академик, Ұлытаудың ұланы Төрегелді Шарманов 94 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды.
Саналы ғұмырын ғылымға, елге қызмет етуге арнаған абыз адам: -Мен үшін халқымның сау болғаны анағұрлым маңызды. Отандастарымның денсаулығын қауіп-қатерге тігу – үлкен қылмыс. Көңілге бай қазағымның «сақ жүрсең сау жүресің» деуі қазір өзекті болып отыр,-деп, елді екі жыл бойы жайлаған коровирус індеті кезінде азаматтардың амандығын тілеген еді.
Төрегелді Шарманұлына Кеңес Одағы кезінде ұлтшыл деген айып тағылып, қудаланды.
-Мен үшін «ұлтшыл» деген атақ алу үлкен мәртебе. Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Не көрсемде Алаш үшін көргенім, Маған ата құлтым үшін өлгенім». Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Одан әрі де ұлтыма адал қызмет етіп, Алашымның туын биік көтеруге әрдайым дайынмын,-деген халқының перзенті қиындыққа мойымады. Сұсты саясатқа қасқая қарсы шығуда оған халықтың қолдауы демеу болды. Ерім деген еліне ол қалтқысыз қызмет етті. 90 жасқа толғанда: — Ендігі белес құр тоқсаннан асып, жүзге жету емес, ең биік мақсатым – қазағымның бағы өрлеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болуына белсене атсалысу, халқым үшін пайдамды тигізу, -деп, қазыналы қарттыққа жеткен шағында да қоғамға қызмет етуді әсте естен шығармады. Мақаланың сілтемесі: https://aigak.kz/2021/01/25/zhand-anshalt-zhas-krse-sonshalt-odan-alsha-bol/
Төрегелді Шарманұлы 1930 жылы 19 қазанда Ұлытау облысы, Ұлытау ауданында туған. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақ тағамтану академиясының президенті. Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Алматы қаласының және Жезқазғанның «Құрметті азаматы».
Төрегелді Шарманұлы Республиканың Денсаулық сақтау министрлігін 12 жыл басқарып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің теңдесі жоқ жүйесін құрды. 1974 жылдан бастап республикадағы жетекші ғылыми ұйымдардың бірі – Қазақ тағамтану академиясының тұрақты меңгерушісі.
2005 жылы академик Шармановқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоғары ерекшелік дәрежесі – Леон Бернард сыйлығы берілді, оның иегері бүкіл әлем тарихында небәрі 29 адам болған.
Ұлтының патриоты, медицинаның майталманы, Ұлытаудың ұланыТөрегелді Шармановтың жаны жәннатта болсын! Марқұмның отбасы, туған-туыстарына, қалың қазақ еліне көңіл айтамыз.