6 айға созылған байқау аяғына жетті. Ұлағатты ұстаз Шамшыбек Байзақовтың 100 жылдық мерей тойы қарсаңында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде біліктілігімен көзге түскен мұғалімдердің еңбегі еселенді. Жақында ғана Бәйдібек ауданында өткен «Озат ұстаз — 2024» байқауы аяқталды. Естеріңізде болса бұл байқау қараша айында шымылдығын түрген болатын. Алғашқы 3 кезеңнен сүрінбей өткен кәсіби мамандарға марапаттар табыс етілді.
Бар ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Шамшыбек Байзақовтың өмірге келгеніне 100 жыл. Айтулы мерей той қарсаңында арнайы ақ дастархан жайылып, озат атанған 11 қатысушыға салтанатты түрде қаржылай сыйлықтар мен марапаттар табысталды.
Бұл байқау баланың біліктілігін арттыруда тынбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбегін еселеуде елеулі үлес қосып келеді. Ұстаздардың мәртебесін көтеру мен кәсіби дамуын жетілдіру! 25 жылдық тарихы бар бәсекенің басты мақсаты да осы! 3 кезеңнен оза шауып, озат атанған қатысушылар 4-ші кезеңде озық педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Әкеге қарап ұл өсер! Бүгінде ұстаздың ұлы еңбектерін ұлағаттап жүрген інісі Шырынбек Байзақовта зейнет жасына дейін мектепте қызмет еткен. Ағасының ардақты істерін еске алып, байқаудың болашаққа берері мол екенін жеткізді.
Айта кетейік, ұстаздардың байқауға арнаған озық технологиялық идеялары болашақ ұрпақтың біліктілігін арттыруда қолданысқа енбек. Байрақты бәсеке алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.