«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асқан 5 жылда Солтүстік өңірге 20 мыңнан астам адам қоныс аударған. Оның ішінде Түркістан облысынан 7 мың адам Солтүстіктегілердің сапына қосылды. Мұнда халықтың жұмыс орындары көп, теріскей аймаққа көшуіне қолдау көрсету арқылы еңбек ресурстарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік мол. Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, қазіргі таңда Павлодар облысында 300-ге жуық бос жұмыс орындары бар. Павлодар индустриалды аймақ болғандықтан мұнда көбіне әлеуметтік сала мамандарының тапшылығы сезіледі. Атап айтқанда, мұғалім, медбике, электрик, есепші, программист, механизатор, агроном сынды кәсіп иелері.
Бағдарлама аясында теріскейге табан тіреген жерлестердің бірі Айдар Молдабаев. Туған жері Түркістан облысы, Түлкібас ауданы. 2018 жылы отбасымен бірге солтүстікке көшіп, жары екеуі жергілікті білім ордасына мұғалім ретінде қызметке тұрған. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны атанған Айдар Молдабаев 3 перзентінен көрген 5 немересімен бірге шаңырағының шаттығына кенеліп отыр.
Сонымен қатар, Солтүстікке бет алғандардың барлығы баспанамен қамтылады. Ондағы тұрғын үйлердің ауданы 70-90 шаршы метрден, ал баспананы жалға алу үшін ай сайынғы жалдау ақысы 60-90 мың теңгеден басталады. 
