Шымкент қаласында автомобиль жолдарыңың жалпы ұзындығы 2020 жылдың қорытындысымен 2976,6 шақырымды құраған болатын. Алайда 2021 жылы ақпан айында салалық басқарма мен аудан әкімдіктері бірлесіп қала көшелерін түгендеу жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде Шымкент қаласы көшелерінің жаңа тізбесі бекітіліп, жалпы көшелердің ұзындығы 3 247,6 шақырымды құраған.
Оның ішінде:
Асфальт бетонды – 2 029,2 шақырым (62,5 %), шағал тас көшелер үлесі -1 046,4 шақырым (32,2%), топырақ жолдар – 172 шақырымды (5,3%) құрайды.
Ал 2021 жылдың құрылыс-монтаж жұмыстарына сәйкес
автомобиль жолдары саласында жалпы саны 168 нысан немесе 295,3 шақырымдық жолдар мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады.
Оның ішінде 155 нысан немесе 248,8 шақырымы ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов пен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов баспасөз жиынында баяндады. Айтуларынша биыл жол саласында атқарылатын құрылыстардың 90 пайызға жуығы елді мекендердегі ішкі орам көшелерін асфальттауға бағытталмақ.
Осының есебінен жыл соңында қаладағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 63,6 пайызға жетеді деп күтіліп отыр. Ал ағымдағы жылы Шымкент қаласының автомобиль жолдары саласында атқарылатын құрылыстарға тиесілі қаржы мөлшері 32 млрд тенгені құрайды.