Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен Арыс қаласына барды. Онда бірқатар шаруа қожалықтарымен бірге бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Өңір басшысы, ең алдымен Ақдала елді мекеніндегі су айдау стансасын аралап, жергілікті тұрғындардың таза ауыз сумен қамтылу жайын бақылады. Арыстағы 32 елді мекен тұратын 72622 халықтың бүгінде 66 мыңға жуығы құбыр суымен қамтылған. Бұл жалпы халықтың 90,7 пайызын құрайды. Сонымен қатар, аймақ басшысы тәулігіне 25 литр сүт беретін бүгінде бір мыңға жуық голлондиялық ірі қара малы бар «Қазына жер ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Неміс технологиясы бойынша жұмыс жасайтын сүт фермасы күніне 7 тоннаға жуық сүт алады екен. Сондай-ақ, өңір басшысы аталған серіктестіктің тамшылатып суғару әдісімен отырғызылған пияз алқабын көрді.