-«Бұл қағаздардың қолымда сақталып қалу себебі, 8 жасымда атам, 18 жасымда әкем өмірден өтті. Атам әкеме, әкем маған аманаттап кетті. Өткен ғасырда бұл қағаздардың бармаған жері қалмапты. Кеңестік жүйе бұл қағаздарды қолдануға, тарихымызбен шұғылдануға рұқсат бермеді. Ол кезде діни-тарихи жазбаларды сақтаудың өзі қылмыс саналғаны белгілі. Атам Юлдашқожа 1933 жылы «діндар» деп абақтыға жабылған екен. Марқұм әжем мен әкем бұл қолжазбаларды бірде жерге көміп, бірде шатыр бұрышына жасырып, қалайда назарға түсірмеуге тырысыпты. Бұл қолжазбалар жайлы білетін болса бабамыздың жағдайы одан сайын ауырлайтыны анық еді. Мен тарихшы емеспін. Бірақ мұра боп сақталып келе жатқан қағаздардың бір күні сұрауы болатынына сенім арттым. Қызығушылықпен мұны оқи алатын кісілерге көрсеттім. Қолжазбада Насабнама емес тарих жазылған екен. Аудармадан ұққаным Жүсіп атаға қатысты деректер, ханның жарлықтары, жер-су атаулары, халықтың тыныс-тіршілігі жайлы көптеген мәліметтер бар. Қазіргі Шаға ауылы шежіреде «Жаға» деп айтылса, Иқан ауылы сол кездің өзінде бау-бақшамен айналысқанын аңғаруға болады. Шежіреде «Иқан халқының бақша жұмысымен айналысуы және Жүсіп атамыздың Қожа Ахмет Ясауи бабамызға келе жатқан қонақтарды жемістермен қарсы алып, 12 түрлі жүзім түрлерімен күтіп жіберетіні жайлы сөздер кездеседі. Мына тарихи деректерді толықтай зерттеу ғалымдардың еншісінде. Тарих саласының маманы болмағандықтан менікі жәй ғана қарапайым зерттеу болды»,- дейді Сейдәлім Юлдашев.
Күні бүгінге дейін ХІІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп ата жайлы тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер ғана азды-көпті мағлұмат бере алды. Дегенмен, әр жеткізуші өз тұсынан түрлі деректерді араластырып отырғандықтан аңыздар да бір-біріне ұқсамайтын дәрежеге жеткен.
Аңыздарға сүйенсек, Жүсіп ата көзі тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен жан болған. Шам (Дамаск) шахарының билеушісі Жолбарыс ханды- тоқсан тоғыз мың машайыхты бастап келген дін басын — Сырдариядан бір шыбықтың күшімен жол ашып өткізіп алғаны жайлы айтылады.
