Елімізде 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолда ақылы жүйе енгізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысында үш бағытта жол ақылы болады. Бұл Шымкент-Тараз, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Өзбекстан бағыты. Осы орайда, Сайрам ауданында «Тараз-Шымкент» автожолы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тұрғындардың сауалдарына жауап берген мамандар ақылы жүйенің тиімді тұстарын таныстырды.
4 жылда қолданысқа берілетін жол бөліктеріне шлагбаум қойылмайды.
Жаңа жолдарда төлем қабылдаудың «ашық» жүйесі енгізілетін болады. Көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тіркеу, жүріп өткен жол үшін ақы алу бақылау аркаларына бекітілген арнайы камералар мен жабдықтардың көмегімен жүзеге асатын болады.Жол ақысын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың 20-дан астам түрі қарастырылған.
Жеңіл автокөлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру тегін болады. І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы мен оған теңестірілген (ауған соғысы және т.б.) ардагерлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақылы жол үшін ақы төлеуден босату жоспарланған.
Ақылы жүйені енгізу жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады.
Барлық төлем жүйесі енгізілген автожол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайды.