Қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден озды. Ғұмырын еліміздің журналистика саласының дамуына арнап, талай шәкіртті қанаттандырған белгілі азамат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақ ұлттық өнер академиясының Құрметті профессоры, Мәдениет қайраткері, Қазақстан ақпарат саласының үздігі еді. Ол «Бай, қуатты болайық!» деген сөзімен көпшіліктің жүрегінен жоғары орын алған.
Қайғылы хабарды Qazaqstan ұлттық телеарнасының баспасөз қызметі таратты.
«Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер»,«Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды» делінген хабарламада.
Айта кетейік, Нұртілеу Иманғалиұлы 2006-2007 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды.