Шымкентте алғаш рет «Алатау-2026» халықаралық турнирі өтті. Жеңіл атлетика тарихындағы айтулы дода әуесқойлар мен ардагер спортшыларды бір алаңға тоғыстырып, үш бірдей ірі жарыстың өтуімен ерекшеленді. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге Қазақстанның өзінен 250-ден астам спортшы қатысты.
Аталған турнир аясында 35 жастан асқан спортшылар мен ардагерлер арасында жеңіл атлетикадан «Алатау-2026» халықаралық турнирі мен Қазақстан Республикасының чемпионаты, сондай-ақ 18–34 жас аралығындағы әуесқой спортшылар арасында Қазақстан Республикасының біріншілігі өтті. Ауқымды спорттық іс-шара «Қазақстандық Мастерс атлетика федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Жарыс жеңіл атлетика спортының барлық түрі бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар жүгіру, ұзындыққа секіру, сондай-ақ салмағы 7,5 келі болатын ауыр дөңгелек тасты алысқа лақтыру сынды сайыстарда өзара бақ сынады. Ауқымды додаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген спортшылар қатысты. Сонымен қатар Өзбекстан, Украина, Беларусь және Ресейден келген жеңіл атлетика шеберлері де халықаралық турнирде өз шеберліктерін ортаға салды.
Айта кетсек, жыл басында Қарағанды қаласында дәл осы федерацияның ұйымдастыруымен ардагерлер мен әуесқойларға арналған қысқы ел чемпионаты сәтті өткен болатын. Жалпы, жауапты мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да халықаралық жарыстар өткізілетін болады.













