AMANAT партиясы мемлекеттік басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа модульдік бағдарламаны іске қосты. Жоба аясында мәслихат депутаттары мен партия өкілдері оқытылуда. Бүгін Шымкентте Саяси менеджмент академиясының кезекті оқу семинары басталды. Үш күндік семинарда қатысушыларға заманауи басқару тәсілдері үйретілмек.
Академия директоры Тамара Дүйсенова оқу бағдарламасының басты мақсаты – мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыратын білікті кадрлар даярлау екенін атап өтті. Оның айтуынша, семинар қатысушыларға жаңа білім алып қана қоймай, оны өңірдегі өзекті мәселелерді шешуде тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Семинар барысында қатысушылар академия лекторларынан көшбасшылық, өңірлік даму, бюджет жүйесі, тиімді коммуникация және саяси менеджмент бағыттары бойынша білім алады. Білім алушылар содан соң арнайы тестілеуден өтеді. Оқу бағдарламасы негізгі 6 модульден тұрады. Нәтижесінде қатысушылар өздерінің жеке даму жоспарларын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейдегі басқару сапасы мен шешім қабылдау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, үш күнге жоспарланған оқу семинарына 100-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері бар.







