Шымкент қаласында «Халық заңгері» акциясы өтті. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған шара Арбат саябағында өтіп, заң саласының білікті мамандары тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетті. Акцияның басты мақсаты халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Акцияға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар мен нотариустар қатысты. Олар тұрғындардың құқықтық сұрақтарына жауап берді.Бүгінде кез келген азамат өзіне қажетті заңгерлік кеңесті тегін алып, түрлі мәселелер бойынша нақты бағыт-бағдар алуға мүмкіндігі бар. Әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселесіне қатысты сұраққа басымдық беріледі.
Мамандар халыққа заң талаптарын түсіндіріп, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай шаралар тұрғындардың құқықтық білімін арттыруға оң әсерін тигізеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Халық заңгері» акциясы алдағы уақытта да жалғасып, халық пен заңгерлер арасындағы байланысты нығайта түспек.










