Шымкент — еліміздегі жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтардың бірі. Осыған байланысты қалалық төтенше жағдайлар қызметтері «Жер–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының практикалық кезеңіне қатысты. Оқу-жаттығу барысында шартты апат жағдайында қызметтердің әрекет ету алгоритмі пысықталды. Жоспарлы іс-шараға жедел-құтқару жасағы мен өрт сөндіру бөлімшелері жұмылдырылып, түрлі сценарийлер бойынша тактикалық қимылдарды орындады. Қызмет өкілдері апат салдарын жою, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықты эвакуациялау сынды бағыттар бойынша жұмыс жүргізді. Әр құрылым өзіне жүктелген міндеттерді нақты орындап, төтенше жағдай кезіндегі өзара байланысты пысықтады.
Мұндай жаттығулардың басты мақсаты — табиғи апаттарға дайындықты күшейту, қызметтердің техникалық мүмкіндіктерін тексеру және шұғыл әрекет ету дағдыларын жетілдіру. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша сала мамандары үйлесімді жұмысты көрсетті. Мамандардың айтуынша, осындай дайындықтар төтенше жағдай туындаған сәтте қауіп-қатерді азайтуға көмектеседі.
«Жер–2025» оқу-жаттығуы — қауіптің алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың бірі. Төтенше жағдайлар қызметтері табиғи апаттарға әрдайым дайын болу керектігін тағы бір мәрте дәлелдеді.












