Мәдениет саласы мамандарының жалақысы төмен. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбаровамен кездесу барысында сөз қозғалды. Сондай-ақ, жиын барысында мәдениет саласындағы өзекті мәселелер мен сала мамандарының әлеуметтік жағдайы жан-жақты талқыланды. Кездесу мәдениетті дамыту жолындағы нақты қадамдарды айқындауға бағытталған мазмұнды пікір алаңына айналды. Кездесуге театр әртістері, кітапханашылар, музей қызметкерлері, мәдениет үйлерінің директорлары және шығармашылық өкілдері қатысты. Жиында мәдениет саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі, сала мамандарының мәртебесі, жалақы мәселесі және өңірлік инфрақұрылымды дамыту тақырыптары сөз болды.
Жиында мәдениет қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын тікелей Сенат депутатына жолдап, нақты жауаптар алды. Олар мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін заң аясында нақтылап, әлеуметтік кепілдіктерді арттыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, сала мамандарының жалақысының төмендігі – жиында көтерілген өзекті мәселелердің бірі болды. Айгүл Қапбарова бұл бағыттағы жұмыстардың Сенат қабырғасында да күн тәртібінен түспейтінін айтып, алдағы уақытта нақты қадамдар жасалатынын жеткізді.
Депутат өз сөзінде еліміздің мәдени ошақтарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын да атап өтті. Сонымен қатар, шалғай елдімекендерде мәдениет үйлерін салу, кітапханаларды жаңғырту, өнер мектептерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмайтыны айтылды. Кездесуде мәдениет саласындағы өзекті мәселелердің бірі ретінде режиссерлер, сахна мамандары және шығармашылық жетекшілердің тапшылығы көтерілді. Сенатор Айгүл Қапбарова бұл түйткілді шешу үшін білім беру гранттарын арттырып, өңірлерге жас мамандарды тарту қажеттігін айтты. Ол мәдениетті дамыту – ұлт болашағын қалыптастырумен тең екенін ерекше атап өтті. Қатысушылар ашық диалог үшін алғыстарын білдіріп, өз ойларымен бөлісті. Жиын мәдениет саласы өкілдерімен маңызды әрі сындарлы пікір алмасу алаңына айналды.










