2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл бастама аясында елімізде миллиондаған азаматты тұрақты жұмыспен қамту – басты міндет. Осы мақсатта үшінші мегаполисте ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бірі – Қаратау ауданында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Жәрмеңке аясында тұрғындарға 800-ге жуық бос вакансия ұсынылып, мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары жан-жақты таныстырылды. Қаратау ауданының Сайрам тұрғын алабында ұйымдастырылған халықты жұмыспен қамту жәрмеңкесіне келушілердің қарасы қалың болды. Бірі білім саласы бойынша жұмыс іздесе, енді бірі денсаулық сақтау, жеке кәсіпкерлік, сауда және ауыл шаруашылығы бағытында өзіне лайықты қызмет көзін табуға ниет білдіріп келді. Жәрмеңкеде халыққа мемлекет тарапынан ұсынылатын “Жастар тәжірибесі”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Дипломмен ауылға”, “Кәсіптік-техникалық білім беру”, “Бастау бизнес” секілді бірқатар бағдарламалар таныстырылды. Сонымен қатар, Қаратау ауданы бойынша еңбек нарығының талдауына сәйкес, денсаулық сақтау саласында бос жұмыс орындарының көп екені атап өтілді. Бұл өз кезегінде осы салада жұмыс іздеп жүрген мамандар үшін үлкен мүмкіндік болды.
Бос жұмыс орындары ұсынылған жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту да басты назарда болды. Шара аясында сонымен қатар, жазасын толық өтеп, қоғамға қайта бейімделіп жатқан азаматтар да қатысты. Оларға да тең мүмкіндік қарастырылып, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер тарапынан ұсынылған жұмыс орындары таныстырылды. Бұл бастама – әлеуметтік осал топтарды қолдаудың нақты көрінісі болды. Жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілердің дені – жастар. Жоғары оқу орындарын, колледждерді енді ғана тәмамдап, еңбек жолын енді бастап жатқан түлектер үшін бұл шара маңызды платформаға айналды. Оларға арнайы құрылған мансап орталығы арқылы түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат беріліп, бағыт-бағдар ұсынылды. Мемлекет тарапынан жастарға 2000-ға жуық субсидияланатын жұмыс орны ұсынылып, оларды жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, жастарды кәсіптік бағдарлау және мамандық таңдауға көмектесетін кеңестер де берілді.

Шара барысында тек жұмысқа орналастыру мәселелері ғана емес, тұрғындардың құқықтық, психологиялық және әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмады. Арнайы ұйымдастырылған қоғамдық қабылдау барысында аудан әкімдігі өкілдері мен тиісті сала мамандары халықтың жеке сұрақтарын тыңдап, нақты шешу жолдарын ұсынды. Бұл — мемлекеттік қызмет пен халық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған тиімді диалог алаңы болды.










