Самарқанд облыстық музыка драма театрының «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклі «Үздік спектакль» атанды. Орталық Азия елдері театрларының ІХ Халықаралық фестивалі аяқталды. 9 театр бақ сынаған сайыста бауырлас ағайын оқ бойы оза шығып, 3 млн теңгені қанжығасына байлады.
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай өткен Орталық Азия елдері театрларының ІХ Халықаралық фестивалінің ресми жабылу салтанаты болды. 6-11 қараша күндері өткен бұл фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент әкімдігінің қолдауымен өтті. Сайысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Татарстан, Қарақалпақстан және Қазақстан театрлары қатысып 9 қойылым өзара бақ сынады. Дәстүрлі фестивальді осымен 2 рет М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ұйымдастырды.
Орталық Азия елдері театрларының ІХ Халықаралық фестивалінде үздік актерлер мен спектакльдер марапатталды. Сондай-ақ, фестиваль негізінде тағайындалған арнайы марапат иелері болды. Солардың бірі, Түркі дүниесінің театр өнеріне қосқан үлесі үшін төсбелгісімен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды марапатталды.
Фестивальде қазылар алқасы ұсынылған 9 қойылымды тамашалап, оларды мұқият сараптаудан өткізген. Нәтижесінде, жоғары кәсібилік танытып, көрермен қошеметімен «Үздік спектакль» Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының «Ләйлі-Мәжнүн» Спектакліне бұйырды. Айта кетейік, театр фестивалі қазылар алқасының құрамыменде ерекшеленді. Дәлірек айтқанда, биыл Румыния, Әзірбайжан, Грузия елдерінен белгілі адамдар шақыртылған. Ал, сайыста бас қазылық еткен еліміздің халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Театр – бұл өмірдің айнасы, онда шынайылық пен қиял, ақиқат пен аңыз қатар өріледі. Сахнада әр кейіпкер өз тағдырын өрнектеп, көрермен жүрегіне жетуге ұмтылады. Театр – жүректерге жол табар, жанды тербетер сиқырлы өнер. Әр қойылым – адам жанының сырын ашып, оны жаңа қырынан танытар ерекше ғалам.