Үшінші мегаполисте бірнеше жаңа мәдениет үйі ашылды. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға қала әкімі арнайы қатысты.
Мерекеге орай Қайнарбұлақ және Көкбұлақ елді мекендерінде жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Бұл орталық тек қана өнер мен мәдениетті дамытуға емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының бас қосатын, шығармашылықпен айналысатын, қоғамдық шаралар өткізетін маңызды орынға айналмақ. Арнайы ашылу салтанатына келген Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды құттықтап, сонымен бірге халықтың бірқатар мәселелеріне жауап берді.
Айта кетейік, осыған дейін мегаполис басшысы жергілікті тұрғындардың өтініштерін ескеріп, жаңа нысандардың құрылысын қолға алуды тапсырған болатын. Іс-шараға жиналған тұрғындар өз қуаныштарын айтып, алғыстарын жеткізді.
Сондай-ақ, мәдени нысанның ашылу салтанаты Базарқақпа мен Өтеміс елді-мекенінде де тойланды. Жиында мәдениет үйінің маңыздылығы туралы сөз сөйлегендер жаңа нысанның жастар мен ересектер үшін рухани дамудың, өнерді меңгерудің орталығы болатынын атап өтті. Құрылыс басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек ескі ғимарат сүріліп қайта салынған мәдени орын 100-150 адамға арналған. Сондай-ақ, басқа да елді-мекендерден ұсыныс түсуіне байланысты бүгінде жер анықталып, жыл соңына дейін жобалар дайындалып тағы 10 мәдени ошақ салу жоспарланған.
Арнайы іс-шарада ән айтылып, қыздар мың бұрала би биледі. Қала әкімінің атқарып жатқан жұмысына тұрғындар алғыстарын білдіріп, қариялар елге қызмет ету жолына сәттілік тілеп, бата берді.
Мәдениет үйінің ашылуы — рухани өмірдегі жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Бұл орталық қоғамымыздың дамуына, бірлігіміз бен ынтымағымыздың нығаюына өз үлесін қосады.